Chania
530
05.12.2019
Әулиекөл ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына дайындық басталды

Әулиекөл ауданындағы ауылшаруашылық колледжінің студенттері мерекелік іс-шараға тыңбай дайындалыпты, біреулері этноқалашықтар құрса, екіншілері концерт қою ісімен айналысқан. Білім ордасының кіреберіс тұсында көрме ұйымдастырылды, қазақ халқының бесбармағы, орыс халқының каравайы, кәріс халқының «кимчхи» салаты, өзбек палауы, шешен халқының чепалгашы, неміс штруделі, украиндық борщ пен сало қойылған берекелі дастарқан жайылды. Бұл ұлттық тағамдардың барлығын аспаз мамандығын игеріп жатқан  студенттер  әзірлепті. 2017 жылы колледж жанынан Әулиекөл ауданы жастарының Ассамблеясы құрылған.

«Жас буынға жан-жақты тәрбие беріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, әрбір ұлттың салт-дәстүріне, ерекшеліктеріне құрметпен қарауды үйрету керек. Сондықтан Әулиекөл ауданы жастарының Ассамблеясын құруды жөн көрдік. Бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрудеміз, бейбітшілік пен бірлікті, ұлтаралық келісімді сақтау жолында аянып қалмауымыз қажет», - дейді білім ордасының директоры Альмира Жансүгірова.

Іс-шараның ресми бөлігі колледждің акт залында өткізілді, іс-шараға студенттер, жұмыс басты жастар қатысты.

«Әулиекөл ауданының ұлтаралық қарым-қатынас мәселелері  бойынша тәжірибесі мол, колледж жанынан құрылған жастар Ассамблеясының жұмысы және жастардың ұлтқа бөлінбей, сан түрлі ұлттардың мәдениетін танытуы көңіл қуанатады. Көпұлтты Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің арқасында талай қиын кезеңдерді артқа тастап, берекелі ғұмыр кешуде. Халықтың күші әртүрлілігінде», - деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина.

Сонымен қатар, іс-шара барысында А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Жақып Қалқаман Хасенұлы мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі Дарья Тимина сөз сөйледі.

Игі тілектерден кейін Әулиекөл ауданы  Жастар Ассамблеясының әртістері сахна төріне шығып, өнерлерін көрсетті. Жас өрендер бірнеше тілде ән айтып, сан түрлі ұлттардың билерін биледі. Мерекелік іс-шара  патриоттық рух беретін әнмен аяқталды.

 

Құрметпен

«Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ