Chania
637
15.11.2019
Қайырымдылық – игі іс

Қостанай қаласындағы этномәдени бірлестіктер Гүлжанат Қадырдың еміне 70 мың теңгеден астам қаражат жинады.

Достық Үйінің ұжымы емге зәру бойжеткенді қолдау мақсатында қайырымдылық концерт өткізді.  

Гүлжанат Қадырға бала шағынан бастап «сол көз птозы» деген диагноз қойылған болатын. Осы уақытқа дейін бойжеткен сол көзің үнемі шашымен жауып жүрген. Израиль мемлекетіндегі емхана дәрігерлері қол ұшын созбақ, бұл үшін 8 млн теңге қаражат қажет екен. Достық Үйінің ұжымы бойжеткенге қолдау танытып, қайырымдылық іс-шара ұйымдастырды.

Концерт барысында Виктория Басованың вокалдық студиясы, Наурызбай Әмірхамзин, «Мэри Поппинс», «Надежда», «Енори» ұжымының бишілері, «Раздолица» ансамблі, Анель Пимичева, «Тарлан» би ұжымы, Радик Вильдянов, «ЕН-КОДИ» хоры, Аскар Шамганов, «Маленький орел» ансамблі, Дарья Карахметченко, Бердібек Қайырбек, Наталья Пикулева, Светлана Обухова, Сулейман Абилов, кавказ биінің ансамблі «Горцы Ахыска» және ҚХА ансамблі өнер көрсетті.

Қалыптасқан дәстүр бойынша концерт  тегін өткізілді. Қаражат жинау үшін Достық үйінің  кіреберсі тұсына жәшік орнатылды. Іс-шара аясында Гүлжанат үшін 70 мың теңгеден астам қаражат жиналды.

«Менің облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық Үйіне, шығармашылық ұжымдарға алғысым шексіз, концерт жоғары деңгейде өтті, маған ұмытылмас ерекше әсер сыйлады», - деді Гүлжанат Қадыр.  

Қайырымдылық - Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен бес жыл бұрын басталған «Қайырымдылық керуені» жобасының ауқымы кең. Биылғы игі іс-шаралар қазақ халқының дәстүріне негізделген қайырымды істер күнтізбесіне сәйкес жүзеге асырылуда.

2019 жылдың 9 айында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 2016 мың адамға көмектесіп, 240 млн теңгеден астам қаражат бөлді.