Chania
494
09.10.2019
Білімді жастар – Ұлы дала елінің болашағы

Облыстық Достық Үйінің ұжымы студентер  арасында «Intellect ASU» зияткерлік ойнын ұйымдастырды.  

Облыстық Достық Үйінде «Рухани жаңғыру» жобасы аясында «Intellect ASU» зияткерлік ойны өтті.  

«Зияткерлік ойынның мақсаты -  студенттердің логикалық, аналитикалық ой-өрісін дамыту және олардың дүниетанымын кеңейту.  Жас өрендер білімдерін жетілдіріп қана қоймай, жаңа дос табуы мүмкін. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті – ынтымақтастық пен қоғамдық келісімді нығайту, бұл ретте жастардың рөлі зор», - дейді бөлім басшысы Баян Тыныштықова.

Зияткерлік ойын екі кезеңнен өтті. Алғашқы кезеңде студенттер туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне, облыс аудандарының тарихына, Қазақстанның Қызыл кітапқа енгізілген флорасы мен фаунасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сұрақтардың күрделілігіне байланысты командаларға 20-100 ұпайдан тігіліп отырды.

Студенттерге «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысты өз жобалары ұсынылатын шығармашылық кезең өте ұнады. Топтар  10 минут ішінде жобаларын дайындады. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің және ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев  атындағы  Қостанай Академиясының студенттері жобаларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таныстырды.

Ойын нәтижесі бойынша  А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің командасы бірінші орынға, М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенттері екінші орынға ие болды.  Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттер тобы үшінші орынды қанжығаларына байлады. Челябі мемлекеттік универсиетінің Қостанай қаласындағы филиалының, З. Алдамдар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев  атындағы  Қостанай Академиясының атын шығарған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді. Барлық білім алушыларға естелік сыйлықтар, дипломдар мен тәтті жиынтықтар табысталды.