Chania
503
02.10.2019
Облыстық Достық Үйінде даналық мерекесі аталып өтілді

Облыстық Достық Үйінің ұжымы этномәдени бірлестіктердің аға буын өкілдерін қарттар күнімен құттықтады. 

Ақсақалдар мен ақ жаулықты апалар үшін құймақ, бауырсақ, чак-чак сынды дәмі тіл үйірер тағамдарға толы кең дастарқан жайылып, мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Қостанай қаласының күміс көмей әншілері Қадыр және Майра Қаржауовтардың орындауындағы «Как молоды мы были» атты танымал әнді ақ жаулықты апалар жалғап кетті.  

Әншілердің лирикалық әуендері тыңдармандардың көңілін тербетсе, мың бұралған бишілер мерекенің шырайын кіргізді. Өнерпаздар жалынды лезгинканы, өзбек халқының лязги биін, түрік халқының халай биін асқан шеберлікпен орындап шықты. «Ұлы дала ұрпақтары» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Сүндетбаева Гүлжәмилә және оның көмекшілері Ибраева Назгүл мен Жақыпбаева Анар ене мен келіннің арасындағы сыйластықты танытатын  театрландырылған қойылым қойды.

«Қазақ халқы баласы дүниеге келген сәттен бастап үлкенді сыйлау, аға буын өкілдеріне құрмет көрсету дәстүрін санасына құйған. Отбасындағы береке ене мен келіннің сыйластығына, олардың өзара қарым-қатынасына тығыз байланысты», - дейді Гүлжәмилә Мұратқызы.

Мерекелік іс-шара соңына қарай барлық қонақтарға сыйлықтар таратылды.