Chania
450
26.08.2019
«Отбасын колдаудың ресурстық орталығы» жобасының психологтары аудан тұрғындарына психологиялық кеңес берді

Облыстық Аналар Кеңесінің бастамасымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бұл жоба жемісін беруде. Жоба аясында 1,5 мыңнан астам адам білікті психологтардан тегін кеңес алды.  Жоба ұйымдастырушылары биылғы іс-шараны Денисов ауданындағы тұрғындарға тегін психологиялық кеңес беруден бастады.
«Біз педагогтар мен ата-аналар қауымы үшін жасөспірімдердің  психологиялық ерекшеліктеріне қатысты өзекті және қолжетімді ақпарат дайындадық. Іс-шара дәріс форматында өткізілмек. Қатысушылар арасындағы  диалогты лектор, тренер және Қазақстан психологтар Одағының жетекші сарапшысы, Әлеуметтік технологиялар институтының директоры Гүлмира Қармысова жүргізеді. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті психология кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі, психолог-кеңесші Гүлнар Сақтанғұлова психологиялық кеңес береді», - дейді облыстық Достық Үйінің бас сарапшысы Қасым Қанағат Тоқсейітқызы. Іс-шара барысында жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлықтарының алдын алу мәселелері талқыланды. 
Сонымен қатар, жоба аясында Қашар кентінің тұрғындарына психологиялық кеңес берілді. №1 Қашар орта мектебінде өткен іс-шараға мұғалімдер, ата-аналар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Қашар кентінің әкімі Арман Алдонгаров барлық қатысушыларға аталмыш жобаның маңыздылығын және қажеттілігін жеткізді. 
«Ресми деректерге сәйкес 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 4 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған, 16 жасөспірімнің өмірі сақталып қалынған.  Баланың мінез-құлқына назар аударып, шара қолдану маңызды. Біз отбасылық қарым-қатынасты реттеу жөнінде кеңес береміз», - дейді Гүлнар Сақтанғұлова. Кәсіби психологтарға  жүгініп, көмек сұраған  адамдар көп болды. 
«Отбасын қолдаудың ресурстық орталығы» жобасының мамандары жыл соңына дейін Әулиекөл және Қарасу аудандарының тұрғындарына қол ұшын созбақ.