Chania
488
12.08.2019
Достық мерекесі

Қостанай облысының делегациясы Челябі облысында өткен «Туған жер» атты VI аймақтық  мерекеде Қазақстанның  атынан өнер көрсетті.

Верхнеуральск қаласында өткен фестивальге қазақ халқының киіз үйін өздерімен бірге алып барған  облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық Үйінің өкілдері жергілікті тұрғындарды және мереке қонақтарын ұлттық  дәстүрлермен таныстырды.

«Біздің басты мақсатымыз – атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық мұраларымызды, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды насихаттап, қазақ халқының болмысын таныту. Біз ұлттық нақыштағы әсем бұйымдарды қолдана отырып, керемет көрме ұйымдастырып, отандастарымызға туған жердің ыстық сәлемін жеткіздік», - дейді облыстық Достық Үйінің басшысы Қаламқас Нұрахметқызы Сандыбаева.

Іс-шараға Челябі, Қорған және Свердлов облыстарында тұратын қазақтар жиналды, Башқұртстаннан және Мәскеуден қонақтар келді. Фестиваль аясында ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, көрмелер мен қызықты байқаулар өткізілді. Іс-шара қатысушылары «Ең жақсы аула», «Ең әдемі киіз үй», «Үздік шебер» және «Өнерлі әже» номинациялары бойынша бақ сынасты.

Қостанай делегациясының өкілдері қонақтарға бесбармаққа арналған жайманың жайылу әдісін көрсетті, сондай-ақ қазақ халқының шай дастарқанының ерекшеліктерімен таныстырды, қара қазанда дайындалып жатқан сары алтындай бауырсақ үлестіріп, үлкен жез самауырдан хош иісті шай ұсынды.

«Жастардың ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрлерге деген қызығушылығы көңіл қуантады, ал мұндай іс-шаралар олардың ұлттық танымын арттыруға септігін тигізеді. Біз осы іс-шараға қатысуға шақырту алғанымызға өте қуаныштымыз, себебі мұндай кездесулер мемлекетаралық достықты нығайтуға ықпал етеді», - дейді облыстық Достық Үйіндегі бөлім басшысы Алтын Рамазанқызы Өтегенова.

Қостанайлықтар дүйім жұртшылықты әсем киіз үйімен ғана емес, өнерлерімен де таң қалдырды Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Айжан Санай фестивальдің ашылу салтанатында қолына қос ішекті домбыра алып, асқан шеберлікпен бірнеше туынды орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.  

Достық мерекесінің қатысушылары елге жақсы әсермен оралды.  

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық Достық үйі ұлттық көрмені ұйымдастыруға қолдау танытқан Қарабалық ауданының әкімі   Нұржан Өтегеновке, Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Айжан Санайға, І. Омаров атындағы  Қостанай облыстық драма театрының ұжымына және достық мерекесін ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға  алғыс білдіреді.