Chania
480
07.08.2019
Зияткерлік ойынның майталмандары тағы бас қосты!

Облыстық Достық Үйінің ұйымдастыруымен өтетін «Не? Қайда? Қашан?» атты екінші ойында жаңадан қосылған екі команда жеңімпаз атанды.

Жанат Смаилов бастаған «Не ЗОЖ» және Әділ Дикетаев бастаған "Mea Culpa» командаларының білімпаздары 6 ұпай жинап,  ойын жеңімпаздары атанды.

Ойынның алғашқы кезеңінде қиын сұрақтар қойылса да ойыншылар барынша жауап беруге тырысты. Зияткерлік ойынның екі  мәрте қатысушылары «Микс Этно» командасындағы ару қыздар іс-шараның соңына қарай қанжығасын толтыра бастады.  Ақылына көркі сай қыздар чепалгаш күлшесі туралы сұраққа жауап берді. Шешен халқының ұлттық тағамын үйлену тойында суға салады екен, чепалгаш күлшесі жас жұбайларды шайтанның арбауынан сақтап қалады деген наным-сенім бар екен.

«Тобыл ойшылдары» командасы ойынды 1-4 есебімен аяқтады. Олар бір сұраққа мерзімінен бұрын жауап беріп, қосымша уақытқа ие болды. Алайда олар бұл мүмкіндіктерін пайдаланбады.

Үшінші «Не ЗОЖ» командасы ойынға жаңадан қосылған топ. Достық үйінде ұйымдастырылып жатқан ойынға алғаш қатысушы ойыншылар басқа қалаларда өтетін зияткерлік ойындарда білімдерін танытып үлгерген.

Галстук түріндегі ерекше инсталляция туралы сұраққа дұрыс жауап беріп, құпия жәшікке жасырылған затты тапқан бұл команда ойынды 2-3 есебімен аяқтады.

Ойын қорытындысы бойынша «Не ЗОЖ» және «Mea Culpa» үздік командалар атағын иеленді. «Дружные ребята» және «KMF»  командалары  екінші орынға ие болды. Алғашқы ойынның жеңімпаздары - «1424» және «Алтын адамдар» командалары бұл жолы 4 ұпай жинап  үшінші орын алды.  Үш ұпайдан жинаған «Микс ЭТНО» және «Тобыл ойшылдары» командалары  турнир кестесінің соңына орналасты.

13 тамыз күні үшінші турнир ұйымдастырылмақ, ойын қорытындысы бойынша жеңімпаз команда анықталады, бұл команда Қостанайдың Һас білгілері атағын иемдену үшін және Достық үйі тағайындайтын «Хрусталь үкіге» қол жеткізу үшін бақ сынасады.