Chania
526
19.07.2019
Жақсының аты өлмейді...

17 шілде күні ұлы қазақ ағартушысы, педагог, этнограф Ыбырай Алтынсариннің өмірден озғанына 130 жыл толды.  

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық Үйінің ұжымы Ұлт ұстазын еске алуға арналған іс-шараға қатысты.

«Ыбырай Алтынсарин адамгершілігі мол, туған жеріне қалтқысыз берілген тұлға болатын. Ол білім алғаннан кейін туған өлкесі – Торғайға барып, қызмет етуді армандаған. Мен көгілдір көктем мезгілінде, су айдындары арнасынан тасыған шақта Торғай жеріне барғам, аяқ алып жүру мүмкін болмады. Ал Ыбырай Алтынсарин өзінің кіндік қаны тамған жеріне атты арбамен, салт атпен, тіпті жүк арбасына мінгесіп жететін, ата қоныс-алтын мекенінде мектептерді  ашып қана қоймай, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, ұстаздар мен оқушыларды соңынан ерте білген, өзінің барлық күш-жігері мен талантын қазақ халқының санасын серпілтіп, оқу-ағартуға арнаған,  білімнің іргетасын қалаған кемеңгер ойшыл.

Ыбырай Алтынсарин өз ұлтының қамын ғана емес, барша халықтың игілігін ойлап шарқ ұрған, сәулелі жұлдыз іздеген адам.   Троицк қаласында өткен «Расулев оқулары» атты халықаралық  конференцияға қатысқан «Ұлы дала ұрпақтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Жақып Қалқаман Хасенұлы ұлы ағартушының өміріне қатысты құнды ақпаратқа қол жеткізді. 

«1874 жылы Ыбырай Алтынсарин  әйгілі меценаттармен қатар Троицк қаласындағы төрт нысанның: «Расулия» медресесі, медресе мұғалімдеріне арналған үй, оқушыларға арналған жатақхана мен кітап дүкенінің құрылысына қатысыпты.   Бұл мәлімет Троицк қаласының мұрағаттарындағы құжаттарда сақтаулы. Біз жұмыс сапарымыздың аясында қала әкімшілігімен өзара ынтымақтастық орнату жөнінде келісім-шарт жасастық. «Расулия» медресесінің және Троицк қаласындағы басқа оқу орындарының тұңғыш оқушыларының энциклопедиясын құруды жоспарлап отырмыз, себебі қазақ зиялыларының көбі аталмыш білім ордасынан түлеп ұшқан», - дейді Қалқаман Хасенұлы.

Іс-шара қатысушылары Ұлы даланың ұлағатты ұстазын еске алып, құрмет белгісі ретінде Ыбырай Алтынсарин кесенесінің алдына гүл шоқтарын қойды.