Chania
524
15.07.2019
Спорт – достықтың алтын көпірі!

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық Достық Үйінің ұжымы екінші жыл қатарынан  мини-футболдан жастар арасында «Достық кубогі» турнирін ұйымдастырды.

Жастар жылының аясында өткізілген іс-шара Қостанай қаласының 140 жылдығына арналды.

«Біздің басты мақсатымыз – спорт арқылы ұлтаралық келісім мен достықты нығайту, жастардың белсенді демалуына жағдай жасау, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Турнирге он екі команда қатысты. Олардың төртеуі қырғыз, әзірбайжан, татар-башқұрт және түрік этномәдени бірлестіктер өкілдерінен жасақталды. Биыл «Үздік қақпашы» және «Үздік қорғаушы» номинациясы белгіленді, жеңімпаз командалармен қатар, олар да  кубокпен марапатталады. Спорт - денсаулық кепілі, сондықтан, біз барша қауымды спортпен шұғылдануға шақырамыз», - дейді облыстық Достық Үйі басшысының орынбасары Набиева Зульфия Рафиковна.

Қапырық, ыстыққа қарамастан спортшылар қызуқанды жарысқа түсті. Жарыстың бас төрешілері - Михаил Костыгин мен  Игорь Щербина командаларды 4 шағын топқа бөліп, жеңімпаздарды анықтады. Содан соңғы жарыс олимпиадалық жүйе бойынша жалғасты.

Жарыс қорытындысы бойынша «Союз» футбол клубы «Турнир чемпионы» деген атаққа ие болды, Қостанай қаласы әкімдігінің құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді,  «Агромашхолдинг» АҚ командасы қола жүлдені қанжығасына байлады.

«Союз» футбол клубының қақпашысы Арын Тоқтарбеков «Үздік қақпашы», ал «Агромашхолдинг» АҚ командасының ойыншысы 25 жасар Шынболат Бермұхамбетов «Үздік қорғаушы» атанды. Қос спортшыға арнайы кубоктар табыс етілді. 

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық Достық Үйінің ұжымы жарыстың барлық қатысушыларына алғыс хаттар табыстап, кәдесыйларын тарту етті.