Chania
614
02.07.2019
Қырғыз мәдениетінің күнінде ән мен жырдан шашу шашылды

«Асаба» этномәдени бірлестігі әлемге аты шыққан манасшы Доолотбек Сыдыков пен қырғыз халқының танымал әншісі Касымова Аянаны шақырып, көрермендерді таң қалдырды.

«Мирас» мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарламаға жұрт көп жиналды. Тыңдармандар сахна төріне шыққан Доолотбек Сыдыковқа зор ықылас танытты. Қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов алғаш қағазға түсірген, аңызға айналған, тарих қойнауынан сыр шертетін эпосты Доолотбектен артық ешкім жеткізе алмайды. 

«Мен «Манас» эпосын 12 жасымнан бастап жырлап келемін.  Менің әкем де, атам да жыршы болған. Қырғызстанда манасшыларды ерекше құрметтейді. Біз үшін арнайы байқаулар ұйымдастырылады. Қазақ елі мен үшін ыстық, себебі менің анам қазақ», - дейді жыршы.

Бішкектен келген дарынды жас әнші Касымова Аяна керемет өнер көрсетіп, көрермендерді тәнті етті. Ол көптеген музыкалық байқаулардың лауреаты, 2014 жылы Ресейде өткен «Артист» бағдарламасының финалисі. Өнерлі ару Қостанайға бір жағынан әкесімен бірге келіпті.

«Аяна балалық шағынан ән айта бастады. Біздің отбасымыз өнер десе ішкен асын жерге қояды. Мен музыкантпын, консерваторияда білім алғам, контрабаста ойнаймын, жұбайым қомызшы. Біз қызымыз екеуміз ән жазамыз, өңдейміз. Алғашқы ән жинағымыз шықты, екіншісін шығарғалы жатырмыз», - дейді Айзар Касымов.

Қонақжай Қостанай жұртшылығының ыстық ықыласына бөленген әнші:  «Мен Қырғызстан туралы ән айтуға келдім. Ән арқылы ұлтымның болмысын танытқым келеді. Қостанай қаласы маған өте ұнады, табиғаты әсем, адамдары да жайдары. Әлі талай рет келермін», - деп әсерімен бөлісті.