Chania
543
24.06.2019
Өнер жолының бастауы – махаббат

Қостанайда Троицк казак хорының концерті жоғары деңгейде өтті.  Оңтүстік Оралдан келген танымал  ансамбльдің  өнерін тамашалауға  400-ден астам адам жиналды.

Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Анатолий Ткачев  жетекшілік ететін бұл шығармашылық ұжымның Қостанай қаласына төртінші рет келуі. Әншілер қауымы  облыстық Достық үйі мен сібір казактарының бірлестігі ұйымдастырған Казак халқының мәдениеті күні аясында әсерлі де әуезді туындыларын паш етті.

Бірегей ұжым жүздеген алаңдарда: аудандық мәдениет үйлерінің сахналарында, Кремльде т.б. жерлерде өнер көрсеткен.  

«Өнер жолының бастауы – махаббат, әнге деген махаббат. Мен балалық шағымда әжелердің ән-жырларын құмарта тыңдайтынмын. Әннен алынатын әсерді  сөзбен жеткізу мүмкін емес, бұл - музыкалық гипноз. Әрбір ән белгілі бір мазмұнға ие. Ән арқылы халықтың тарихын, ерекшелігін тануға болады.  Менің анам ән айтатын. Жадымда сақталған жан тебірентетін украин халқының әндерін  орындаймыз», - дейді Анатолий Ткачев.

Өнер жолына түспес бұрын Анатолий Ткачев өзін кәсіби маман ретінде қалыптастырды. Ол Магнитогор музыкалық училищесін және Свердлов консерваториясын «хормейстер» (хор дирижері, хор жетекшісі)  мамандығы бойынша тәмамдап, көптеген ұжымдармен жұмыс істеді, ал 1987 жылы жеке Троицк казак хорын құрды.

Анатолий Александрович – Верхнеуральск  казактарының ұрпағы. Еркіндік қанына сіңген, ал дала үні анадан дарыған қасиет. Ол ән қорын тырнақтап жинады. 

«Ауылды жерлерді аралап, естіген әндерді қағазға түсіріп жүрдім.  Біздің ата-бабаларымыз 100 жыл бұрын шырқаған нағыз казак әндерін өңдедім, түпнұсқасын барынша сақтауға тырыстым. Бұл әндердің музыкалық табиғаты, әуендік ырғағы ерекше», - дейді хор жетекшісі.

32 жыл бұрын құрылған ұжым  құрамы 18 рет ауысты. Павел Хрипко есімді өнерпаз хор құрылған күннен бастап ән айтып келеді. Ол «Степь» («Дала дауысы») әдеби бірлестігінің төрағасы, өлең, проза жазады. Аты аңызға айналған Троицк казак хорының қалыптасу, даму тарихы сипатталған кітаптардың авторы.

Біздің жерлесіміз, Қарабалық ауданының тумасы Гүлнәр Нәжімова жиырма бес жылдан астам уақыт бойы ансамбль құрамында танылып келеді. Ақылына көркі сай, даусы зор казак қызының өнеріне тәнті болмау мүмкін емес.

«Менің балалық шағым Қазақстанда өтті. Менің анам  Роза Кибекова скрипка аспабын меңгерткен, талай дарынды жасты түлеткен ұстаз. Мен анама қарап, бой түзедім, Сергей Дмитриевич Лысоченко басқарған Қарабалық ауданындағы балаларға арналған музыкалық мектепті  тәмамдадым. Көптеген байқауларға, концерттерге, тіпті «Әнші балапан» атты ән байқауына қатыстым. 1990 жылы отбасыммен бірге Троицк қаласына қоныс аудардым, менің әнімді естіген Анатолий Александрович жеке хорына шақырды. Жиырма бес жылдан астам уақыт бойы Троицк казак хорында ән айтып келемін. Менің ізбасарым да бар,  қызым Карина хор құрамында өнер көрсетеді», - дейді әнші.

Казак халқының мәдениеті жан дүниеңізге қаншалықты жақын деген сұраққа  әнші күліп, жауап береді.  

«Казактар да, қазақтар да ат құлағында ойнайды, еркіндікті, ән мен жырды жақсы көреді. Біз Қазақстанға қуана келеміз, жұртшылық  бізді әрдайым  жақсы қарсы алады, біз де жан жылуымызбен бөлісеміз. Қонақжай Қостанай қаласының  тұрғындарына алғысымыз шексіз», - дейді әсем дауыс иесі.

Гүлнәр Нәжімованың қазақ тілінде орындаған  әні халықтың жүрегіне жетті, тыңдармандар  толассыз қошемет көрсетті. Шығармашылық ұжымның әрбір әні  көрермендердің тарапынан қолдау тапты. Концерттің соңына қарай хор ешбір  фонограммасыз, «Марш славянки»  туындысын орындады, барлық көрермендер әртістермен бірге ән шырқады.