Chania
495
17.06.2019
«Сабантой» мерекесі кең ауқымда аталып өтілді.

Тобыл төріндегі салтанатты іс-шара театрландырылған қойылыммен басталды,  әртістер Қостанай қаласының қалыптасу, даму тарихы және облыс тұрғындарын керек-жарақпен қамтамасыз еткен  Яушев көпестерінің қызметі туралы баяндады.

«Дуслык» татар-башқұрт бірлестігінің белсенді мүшесі Радик Вильдянов қос доңғалақты арбаға мініп, Сабантой туралы әсем ән шырқады.

Татарстан Республикасының өнеркәсіп және сауда министрі Ильдар Мингалеев қонақтарға ақ тілегін жеткізіп, Татарстан Республикасының Президенті  Рустам Миннихановтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Қазақ және татар халықтарының арасындағы достық, рухани және мәдени байланыс нығая түспек. 1999 жылдан бастап Қазақ елі татар халық «Сабантой» мерекесін жоғары деңгейде өткізіп келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 270 мың татар-башқұрт ұлт өкілдері тұрып жатыр. Бұл мереке республиканың он тоғыз қаласында және екі ауылында аталып өтуде, мен бүгін қонақжай Қостанай жеріне келгеніме қуаныштымын. Барлықтарыңызды  осынау мерекемен құттықтай отырып, барша халыққа табыс, бақ-береке тілеймін», - деді  Ильдар Мингалеев.

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина мен «Дуслык» этномәдени бірлестігінің төрағасы Ринад Бектемиров мерекенің бас қонағына естелік сыйлық табыстап, іс-шара барысымен таныстырды.

Делегация  100-ден астам спортшы қатысқан «куряш» (күрес) облыстық турнирін тамашалады. Жүлделі орындар жеті салмақ дәрежесі бойынша тағайындалды.

Белбеу күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Халық барысы» республикалық турнирінің екі дүркін күміс жүлдегері қостанайлық Талғат Жиентаев жарыстың абсолютті жеңімпазы деген атаққа ие болып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ересектер армрестлинг, гір көтеру сынды спорттық байқауларда күш сынасты. Әрбір қатысушы естелік кәдесыйға ие болды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған саябақтың кіреберіс тұсында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды, жақын жерде аспаздық байқау өтті. «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің 14 мүшесі  бәліш, қыстыбай, қабартма, пәрәмәч сынды дәмді тағамдар ұсынды. Әділқазылар алқасы «гөбәдия» бәлішін ұсынған, биыл 80 жылдығын атап өткен Равиль Ахатовты үздік аспаз деп таныды.

«Этномәдени бірлестіктің белсенді мүшесі  Адиба Харасқызы Фахриева екінші орынға ие болды.  98 жасар кейуана татар-башқұрт этномәдени бірлестігі ұйымдастыратын іс-шараларға қатысуға тырысады. Адиба-ханум байқауға дәмі тіл үйірер кош теле (үлпілдек нан) ұсынды. Хош иісті бәліш пісіріп әкелген Мариам Халикова үшінші орынға ие болды», - дейді әділқазылар алқасының мүшесі Сания Шакирова.

Әділқазылар алқасы аспаздық байқау қатысушыларын марапаттап болғаннан кейін мереке қонақтары дастарқан басына жинала бастады. Барлығы 25 келілік чак-чактан дәм татқысы келді. Мерекенің құрметті қонағы Илдар  Мингалеев те тәтті тағамнан дәм татты.

«Чак-чакты дайындау оңай емес. Бикештер қамыр үлпілдеп тұру үшін оған ас содасын қосады, қамыр қуырылғаннан кейін балды балқытып, қолмен араластырады», - деп, министр орынбасары чак-чактың дайындалу құпиясымен бөлісті.

Іс-шара бағдарламасына сәйкес ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Балалар мен олардың ата-аналары, ата-әжелері айран ішінен тиын табу, шыбықпен құмыраны бұзу, таяқ тарту, қасыққа салынған жұмыртқаны  құлатпай жүгіру сынды ойындар ойнады. Ойын жеңімпаздарына естелік сыйлықтар табысталды.

Облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 250-ден астам әртіс сахна төрінде өнер көрсетті. Татарстаннан келген  Гүлназ Сираеваның  әсерлі әні қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше көңіл-күйге бөледі.