Chania
555
12.06.2019
Қостанайлық өнерпаз Мәскеу жұртшылығын әзіл өлеңдерімен таң қалдырды

Қостанайлық ақын, жазушы, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Суслова Александра Ильинична жыл сайынғы бүкілресейлік «Умный смех» («Астарлы әзіл») әзіл өлең-жыр байқауының лауреаты атанды.

Іс-шара ұйымдастырушысы - астаналық «Чертова дюжина» шығармашылық клубы. Әлемнің түкпір-түкпірінен 96 адам байқауға қатысуға ниет білдірді,  27 қатысушы ғана мәреге жетті. Александра Ильинична  үздіктер қатарына ілікті.

«Мен байқауға қатысу үшін өтінім жолдадым, бірнеше туындымды жібердім. Көп ұзамай шақырту алдым. Іс-шара мәскеулік еврей қоғамдық бірлестігінің «Амфитеатр» залында өтті. Мен  өз өлеңдерімді «Крупные формы» номинациясы бойынша оқыдым.   Жұбайым концерт басталардан бұрын қоңырау шалып, «жұлдызың жансын» деген тілегін білдірді, бағым жанып жұлдызды марапатқа ие болдым» - дейді автор.  

Александра Ильинична - сәулелі жұлдыз.   Қазақ елінің атынан өнер көрсетіп, лайықты абырой мен құрметке ие болған қаламгер.

«Өлеңдерімнің халыққа ұнағаны көңілімді қуантады, ақын үшін тыңдармандардың «Браво» деген кошеметінен артық ештеңе жоқ. Ұшқыр қалам иелеріне қолдау танытқан іс-шара ұйымдастырушыларына алғысым шексіз», - дейді Александра Ильинична.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Александра Ильиничнаны кезекті жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.