Chania
594
10.06.2019
Спорт - достық көпірі!

Облыстық Достық үйі үшінші жыл қатарынан волейболдан «Достық кубогі»  атты жастар турнирін өткізді.

«Асар» белорус-балтық жағалауы халықтарының этномәдени бірлестігімен ұсынылған  «Тегі бір адамдар арасындағы спорт» жобасы және Жастар жылының аясында ұйымдастырылған бұл жарыс Назарбаев зияткерлік мектебінің спорттық алаңдарында өткізілді.

«Елбасымыз «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы», – деп бекер  айтпаған. Сендердің білімдерін, күш-қуаттарын, отансүйгіштік рухтарын еліміздің ертеңі үшін маңызды. Қазіргі таңда  өз-өздеріңді жетілдіру үшін  барынша қолайлы жағдайлар жасалуда, жарқын болашақтың іргетасын бірге қалаймыз.  Бұл турнир жағымды әсерімен, достық атмосферасымен есте қалсын, спорттық жетістіктерге толы болсын! Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!», - деді қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Жақып Қалқаман Хасенұлы.

Жарысқа «Эребуни» армян бірлестігінің «Миасин» жастар қанатының құрамасы, «Асаба» қырғыз этномәдени бірлестігінің құрамасы, «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени орталығының құрамасы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының құрамасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамасы қатысты. Біртекті командалар құрамында Корей этномәдени орталығынан Ким әулеті және  түрік этномәдени бірлестігінен Абиловтар әулеті спорттық шеберліктерін танытты. Іс-шара қонақтары - Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенттері де бақ сынасты.

Ойын айналмалы жүйе бойынша бірден екі алаңда өтті. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының құрамасы 4-орынға, корей этномәдени орталығының құрамасы 3-орынға ие болды.

Бірінші орын, жарыс  чемпионы атағы үшін облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясының командасы мен «Асаба» қырғыз этномәдени бірлестігінің құрамасы бәсекеге түсті.

Таласты тартыста бір ұпай артықшылығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының командасы жеңіске жетті. Бұл құраманың қоржыны екінші кубокпен толықты. «Асаба» қырғыз этномәдени бірлестігі күміс жүлдеге ие болды.

Биыл іс-шара ұйымдастырушыларының тарапынан қосымша екі номинация белгіленді.  Ұлттық төреші Елена Мирошниченко бастаған төрешілер алқасы «Асаба» қырғыз этномәдени бірлестігінің ойыншысы Азамат Амангелдіні «Үздік байланыстырушы» деп тапты. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамасының капитаны Андрей Климов «Үздік шабуылдаушы» атанды. Қос спортшыға кубоктар берілді.

Жарыс соңына қарай барлық қатысушы командаларға алғыс хаттар мен іс-шараның логотипі бейнелегенген  саптыаяқтар табысталды.