Chania
488
31.05.2019
Тарихқа тағылым-өткенге тағзым

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы  этномәдени бірлестіктерінің  өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған митингке қатысты.

Жыл сайын 31 мамыр күні  аймақ тұрғындары  өздерінің саяси қуғын-сүргінге ұшыраған туған-туыстарын еске алады. Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен миллиондаған жазықсыз қандастарын әрдайым есте сақтайды. Қостанайлықтар бұл күні митингке шықты.

«Өзге ұлт өкілдері де сол бір қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге бастан кешірді. Біздің елімізге Қиыр Шығыстан 800 мың неміс, 550 мың кавказ, 18,5 мың кәріс еріксіз көшірілді. Мемлекетіміздің аумағында КарЛаг, ГуЛаг, АЛЖИР сынды арнайы лагерлер  жұмыс істеді. Олар жабылған, қазіргі таңда  сол аумақтарда мұражайлар орналасқан. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің өз мәдениетін, дәстүрлерін ұстанып, ұлттық тілдерін меңгеруіне барлық жағдай жасалған» - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

"Nadzieja" поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Виктор Радомский өз халқының тарихы және жанұясы  туралы әңгімелеп берді.

«80 жылдан астам уақыт бұрын Батыс Украинадағы және КСРО-ның басқа аудандарындағы мыңдаған поляк  қазақ даласына  күштеп көшірілді. Менің ата-анам Көкшетау облысындағы станцияға келіп, үш күн бойы өздеріне қатысты шешім  күтті.  Содан кейін оларды жүк көліктерінде мінгізіп, иен далаға апарып, «үй салып алыңдар» деп қолдарына құрал-жабдықтар ұстатты. «Қысқа дейін үй салып үлгерсеңдер, аман қаласыңдар», - деді жөн сілтеушілер.   Мамыр айының бас кезі болатын. Қақаған аяздар, толыққанды медициналық көмектің көрсетілмеуі, дұрыс тамақтанбау поляк халқының қабырғасын қайыстырды. Көптеген адамдар қайтыс болды, алғашқы жылы  сәбилердің барлығы дерлік көз жұмды.  Қолындағы бір үзім  нанымен, сүтпен, кұртпен бөлісіп, көмек көрсеткен қазақ халқының арқасында поляктар аман қалды. Бүгінде біз терезесі тең, керегесі кең, демократиялық  елде өмір сүреміз.  Біздің басты мақсатымыз – өзара татулық пен  келісімді сақтай білу,  мұндай  оқиғаларға жол бермеу», - деді Виктор Радомский.

Іс-шара қатысушылары сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, Жеңіс саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.