Chania
433
14.05.2019
Мектептен басталатын бітімгерліктің берері мол

Рудный қалалық орта мектебінің оқушылары дау-жанжалдардың туындау себебін анықтап, медиация арқылы олардың шешімін табуға үйренді.

Облысымыздың үздік медиаторлары – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Евдокимова мен Рудный қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық медиаторы Геннадий Вавулин жоғары сынып оқушылары үшін медиация тақырыбына арналған семинар-тренинг өткізді.

- «Мектептегі медиация» – бұл инновациялық әдістеме және баланы тәрбиелеп,  жеке тұлғаны қалыптастырумен айналысатын барлық институттарда – отбасында,   мектепке дейінгі мекемелерде, тіпті жоғары оқу орындарында қолдануға арналған оқыту технологиясы. Балаларға дау-жанжалдарды бітімгерлік жолмен шешудің жолдарын меңгерте отырып, біз оларды өздерін құрметтеуге, сондай-ақ өзге жандарды қабылдауға үйретеміз. Біз балаларға өз-өздерін бағалап, сондай-ақ, өздерінің іс-әрекетіне және өміріне жауапкершілікпен қарауды үйретеміз. Балалардың дау-жанжал туындаған жағдайларда өздерін ұстауы, жауап қайтара алуы  өте маңызды. Осындай семинар-тренинг арқылы олар өздерін өзге адамның орнына қоя біліп, оның жан күйзелісін  түсініп, сезіне алады» - дейді Ольга Евдокимова.

Балалар екі сағат бойы тренерлермен бірге дау-жанжалдардың  артықшылықтары мен кемшіліктерін, олардың түрлерін, құрылымын және реттеу әдістерін талқылады.

Оқушылардың материалды  игеру дәрежесін анықтау үшін оларға сабақ соңында тәжірибелік тапсырмалар берілді. Олар белсенділік танытып, ашық диалог жүргізді, өз ойларын жеткізді. Іс-шара  соңында барлық оқушыларға атаулы сертификаттар табысталды.

«Маған талқылау кезеңі ұнады, мен өз ойымды ашық жеткізе алдым. Дау-жанжалдардың түрлерімен және оларды реттеу әдістерімен  таныстым. Болашақта осындай семинар барысында достық мәселесіне көбірек тоқталғым келеді, себебі достық қарым-қатынаста келіспеушіліктер жиі орын алады», - дейді Екатерина Назаева.

«Ольга Владимировнаның сабақ өткізу әдістемесі және тыңдаушыларға деген көзқарасы ұнады. «Ашық әңгіме» орын алды. Біз өз пікірімізді жеткізіп, білімімізді көрсете алдық. Келесі жолы оқушылардың әлеуметтенуі, олардың оқшаулану, тұйықталу  себебін анықтау, балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасы туралы әңгіме қозғалса дұрыс болар еді», - дейді Екатерина Луценко.