Chania
526
24.04.2019
Қостанай облысының этномәдени бірлестіктері Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауын қолдайды

Облыстық Достық үйінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің және  жастардың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдауға арналған форум өтті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Жақып Қалқаман Хасенұлы жастарға арнап сөз сөйледі.

«2019 жылдың 9 маусымында маңызды саяси оқиға – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді.  Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде Мемлекет басшысын   алтыншы рет сайлаймыз.  Осы жылдар ішінде Елбасы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізді биік белестерге жетеледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 2019 жылдың наурыз айында ел тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұстатты.  2019 жылдың 9 сәуірінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын  өткізу қажеттігін хабарлады. Сайлау - ел өміріндегі маңызды кезең. Әрбір азамат өзінің және мемлекетінің тағдыры үшін жауапкершілікті түсінуі тиіс», - дейді Қалқаман Хасенұлы.

Облыстық корей қауымдастығы төрағасының орынбасары Ульяна Ким жастарға үндеу салды.

«Кезектен тыс сайлау адамдардың белсенді азаматтық ұстанымын білдіруіне мүмкіндік туғызады. Еліміздің алдында тұрған барлық міндеттерді шешу үшін халықты бір арнаға жұмылдыруға қуатты серпін береді. Сендер, жастар өздеріңіздің отансүйгіштік сезімдеріңізді көрсетіп, сайлауға қатысып,  лайықты үміткерге дауыс беріп, азаматтық борыштарыңды орындаңдар»,  - деді Ульяна Ким.

Этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының көшбасшылары, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсенді мүшелері, жоғары политехникалық колледжі мен Қостанай педагогикалық колледжінің шығармашылық ұжымдары алда болатын кезектен тыс сайлауға қолдау білдірді.