Chania
455
24.04.2019
«Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекет және қоғам қайраткері, әлемді мойындатқан саясаткер…»

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері «Nur Otan» партиясының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде ұсыну туралы шешімін қолдады.

Дөңгелек үстел қатысушылары «Nur Otan» партиясының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде ұсыну шешімін дұрыс деп санайды.

- Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XIX съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде ұсынды. Қасым-Жомарт Кемелұлының беделі асқақ. Ол қысқа мерзім ішінде маңызды іссапарларға шығып үлгерді, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық бағытын жалғастырады» - дейді ғылыми-сараптамалық топ төрағасы Әлімжан Бекмағамбетов.

«Бұл біздің еліміздегі сайлау алдындағы алтыншы науқан, әрбір науқанның стратегиялық міндеттері болады. Бұл науқанның негізгі мақсаты - билік транзитін аяқтау.  9 маусым күні  мемлекетіміздің басшысы анықталады. Бұл біз үшін, әлемдік қауымдастық үшін және инвесторлар үшін өте маңызды. еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде ұсынуы мемлекетіміздегі саяси бағыттың өзгермеуінің айғағы. Қасым-Жомарт Тоқаев талай жылдар бойы Ұлт көшбасшысының серіктесі болды, біз оны мемлекет және қоғам қайраткері, әлемді мойындатқан саясаткер ретінде танимыз. «Nur Otan» партиясының Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну шешімі – бүгінгі таңдағы ең дұрыс шешім» - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Валерий Вишниченко.

Жастар аға буын өкілдерінің пікірлеріне қосылды.

«Касым-Жомарт Тоқаев талай жылдар бойы басшылық қызметте болған, тәжірибесі мол, елімізді өркендетудің нақты жолдарын біледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жыл сайын «Рухани жаңғыру», «Бес әлеуметтік бастама»,  «Ұлы даланың жеті қыры» сынды жаңа бағдарламалар ұсынды. Ал билікке жаңа адам келіп, өз саясатын құрып, бұл бағдарламаларды жоққа шығарса қайтеміз, бүгінге дейін атқарған еңбегіміз еш кетеді. Мен өз тарапымнан Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттар бойынша жұмыстарды жалғастырып, Қазақ елі өзінің «2050 Стратегиясын» орындап, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енетініне сенімдімін», дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарихшы Данияр Әбенов.

Іс-шара қатысушыларының барлығы сайлаудың әділ де ашық өтетіндігіне сенім білдірді, қостанайлықтарды сайлау науқанына қатысуға және лайықты үміткерге өз дауысын бере отырып, азаматтық борышын орындауға шақырды.