Chania
601
16.04.2019
Тарих тағылымы ұрпаққа ұлағат

Көпес Яушев әулетінің ұрпағы қостанайлық татарлар туралы кітап шығармақ

Раис Яушев пен тарих ғылымдарының кандидаты, Татарстан Республикасы   Ғылым Академиясының Ш. Марджани атындағы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері  Зуфар Махмудов  бір апта бойы Қостанай жерінде материалдар жинауда. Зерттеуші ғалымдар біршама тарихи кітаптардың авторлары, олардың ішінде Астаналық, Ақтөбелік және Петропавлдық татарларының өміріне арналған туындылары да бар. 

Қаламгерлер Қазан қаласында тұратындығына қарамастан, туып-өскен жерін  ұмытпайды.

«Менің арғы атам 1880 жылы Ақмолаға қоныс аударған. Сауда-саттықпен айналысқан. Ол 1937 жылы Ақмолада дүниеге келген, 22 жасында отбасымен бірге Қарағанды қаласына қоныс аударған. Ол кезде Қарағанды гүлденген, өнеркәсіп саласы дамыған қала болатын. Отбасымыздың тарихы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырды. Мен бала кезімнен бастап Астаналық татарлардың өмірінен, болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін  кітап жазғым келген.  Бағыма орай, Петропавл қаласының тумасы Зуфармен таныстым, ол менің бастамамды құптап, біз зерттеу жұмысымызды бастап кеттік.

Бастапқыда Солтүстік Қазақстандық татарлар туралы кітабымыз жарық көрді, содан кейін Ақмола облысындағы және Көкшетау қаласындағы татарлар туралы кітап шығаруды жөн көрдік», - дейді Раис Равильевич.

Раис Равильевич Қостанай өңірінде зерттеу жұмысына қатысты көптеген материалдар жинауға болатынын және ата-анасы кезінде Әулиекөл ауданындағы тың жерлерді игеруге атсалысқандығын жеткізді. 

«Олар 12 жыл бойы  Комунизм жолы ауылында жұмыс жасаған. Әкем коммунист болғандықтан, оны тың игеруге жіберген. Ол бас агроном болып жұмыс істеді. Кейіннен отбасым Қарағанды қаласына оралды. Біз, яғни балалар ержетіп, білім алу үшін басқа қалаларға жол тарттық, ата-анам тарихи отанына оралды, қазіргі уақытта бізбен бірге Қазан қаласында тұрады», - дейді Раис Равильевич.

Әңгіме барысында Яушев Раис Равильевичтің Қостанайдағы Яушевтар отбасына қатысы жоқтығы анықталды.

«Менің шығу тегім бөлек, қостанайлық көпестер менің отбасым емес, алайда атам олармен тығыз қарым-қатынаста болған. Олар бізге келіп тұратын. Аталмыш әулеттің бір ағайыны менің атамды бауырына басқысы келді, себебі оның әулетінде қыз балалар дүниеге келе беретін. Атам ол кезде әлі бала ғой, жылап, көнбей қойды»,  - дейді Раис Яушев.

Кітап жазу барысы ойдағыдай. Қазаннан келген қонақтар қостанайлық халықтың көмегін сезінуде, «Дуслык» татар-башқұрт бірлестігінің (төрағасы – Ринад Бектемиров) өкілдері қол ұшын созуда, мұражай мен мұрағат қызметкерлері қажетті құжаттарды қуана-қуана ұсынуда.

«Біз былтыр Ринад Вальтаевичпен бұл тақырып төңірегінде кітап шығаруды ойластырғанбыз, биыл сәті түсті.  Достық Үйінің қызметін ерекше атап өткім келеді, сан түрлі ұлт өкілдері бас қосатын мұндай орталықтар  Ресейдің әрбір облыс орталықтарында кездесе бермейді. Ресей халқы Ассамблеясы бар, бірақ оның қызметін әлі де жандандыру қажет.  Мұндағы жағдай жақсы, қазақстандықтармен жұмыс жасау көңіл қуантады. Мысалы, қостанайлық ғалым Павел Шаблей Астаналық татарлар туралы кітабымызға рецензия жазды.  Ол татар тілін өздігінен меңгерген, жан-жақты тұлға», - дейді Раис Яушев.

Қостанайлық татарлар туралы кітап  келесі жылдың жаз мезгілінде халық назарына ұсынылмақ.