Chania
618
29.03.2019
Достық Үйінің ұжымы қостанайлықтар үшін әз Наурыз мерекесіне орай керемет концерт ұйымдастырды

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін облыстық әкімдіктің алдындағы сахна төрінде этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары  өз өнерлерін паш етті.

- Облыстық Достық Үйіндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Мырзағалиев Руслан Жүсіпбекұлы: «Наурыз – бұл біздің ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан Ұлы Дала Елінің дәстүрі.  Мыңжылдық тарихы бар бұл мереке көпұлтты Қазақстан халқын Тәуелсіздік жылдары бір арнаға жұмылдырды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық Үйінің ұжымы барша халықты шығыс жыл санағы бойынша келетін Жаңа жылмен шын жүректен құттықтайды», - деп жылы лебізін білдірді.

«Наурыз - достық мерекесі» концерттік бағдарламасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ансамблінің орындауындағы Ұлы Дала Еліне арналған әнмен басталды. Виктория Басованың вокалдық студиясының жас өнерпаздары Туған жерге деген махаббатын жеткізді.

Корей халқы шығыс күнтізбесі бойынша келетін Жаңа жылды қуана қарсы алады.  Корей жастар қозғалысының өкілдері қолдарына дағыра алып, мың бұрала би билеп, «от ауызды айдаһармен» театрландырылған қойылым қойды.  Көрермендеріне  20 жылдан астам уақыт бойы әсерлі көңіл-күй сыйлап жүрген Украиндық «Лира» ансамблі ерекше өнер көрсетті.

- 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы деп белгіленді. Бұл елдерді   көпғасырлық достық қана емес, сонымен қатар Наурыз сынды ортақ мерекелер де байланыстырады,  - дейді  «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің «Булачак»  жастар қанатының көшбасшысы Валерий Гумиров.

«Шарк» тәжік-өзбек қауымдастығының белсенді мүшесі  Анвар Оспановтың «Фарида» әні мерекелік іс-шараның көркін қыздыра түсті. «Тарлан» би ансамблі башқұрт ұлтының тамаша биін орындап, гүлдей жайнаған арулар  нәзік қимылдарымен  сұлулық сыйлады.

Радик Вильдянов әуезді әнімен жиналған халықтың назарын бірден баурап алды.

Түрік этномәдени бірлестігінің «Маленький орел» және «Горцы Ахыска» Кавказ би ұжымдары жалынды биімен қарық қылды. Шұғылалы көктемнің самал желі  «Эребуни» армян этномәдени бірлестігінің айдай аруларының әсем биімен үндесті.

«Раздолица» ансамблінің әртістері орыс және казак халқының дархандығын танытатын «Тень, тень над водой», «Дарья» сынды әндер орындады. Жас бұлбұл - Самал Бердіходжаева Қазақстан туралы патриоттық ән шырқады, ал «Индиго» би ансамблі шыр көбелек айнала би биледі.  Қайырымдылық Істер күнтізбесі бойынша Наурыз айы – «шашу» деп белгіленген. Наурыз мерекесі құт-береке, ырыс әкелсін деген ниетпен шашу шашылды.