Chania
569
04.02.2019
Мектептен басталатын бітімгерліктің берері көп

Мектептегі  медиацияны  дамыту мақсатында Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинетінің және Қамысты ауданы әкімдігінің білім беру бөлімінің өкілдері ынтымақтастық  туралы Меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастық туралы бұл құжат «Жас Ұлан» РББЖҰ көшбасшыларының III өңірлік форумы аясында бекітілді.

- Аталмыш  меморандум арқылы біз  оқушыларға медиация негіздерін меңгертеміз, олардың қоғам арасында туындайтын келіспеушіліктер мен дау-дамайлардың оңтайлы шешімін таба білуіне  жағдай жасаймыз.
білім беру және тәрбие процесіне медиацияны енгізудің маңызы зор, - дейді  білім бөлімінің әдіскері Күлзада Арыстанбаева.

Сонымен қатар, Қостанай облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының және Қамысты ауданының «Жас Ұлан» Республикалық бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының өкілдері Қазақстан Республикасындағы жастар саясатын дамыту,  ұлтаралық қатынасты нығайту,  жастарды Елбасымыздың  саясатына жұмылдыруға бағытталған ынтымақтастық туралы тағы бір меморандум жасасты.

Іс-шараның ресми бөлімінен кейін форум  қатысушылары үшін «Мектептегі медиация, халықтық дипломатия»   және «Қазақстан халқы Ассамблеясы» атты екі секция жұмыс істеді.

Оқушылар  медиацияның пайда болу тарихымен, бітімгерлік рәсімдерінің кезеңдерімен танысты.

Іс-шараның практикалық бөлімінде  жасөспірімдер «Медиация» атты  рөлдік ойынға қатысып, адамдар арасында туындаған белгілі бір дау-дамайлардың шешімін табуға тырысты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» деп аталатын секция аясында білім алушылар үшін зияткерлік    ойын ұйымдастырылды, олар Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырған жобалары туралы  білімдерін көрсетті.  

Оқушылар «Хакатон» форматында  Жастар жылын өткізуге қатысты өз жобаларын ұсынды.

Форум соңында қатысушылар марапатталып, барлық қатысушылар тамаша концертті тамашалады.