Chania
890
05.11.2018
Жалынды лезгинка ырғағымен

Кавказ халқы өздерінің әсерлі әндерімен, жалынды билерімен көрермендерді тәнті етті.

Қостанайда Кавказ мәдениетіне арналған IV республикалық фестивалі өтті. Дәстүрлі іс-шараға  мемлекетіміздің өңірлерінен келген шығармашылық ұжымдардың өнерлерін тамашалау үшін көрермендер ағылып келді.

Аталмыш іс-шара 2012 жылдан бері «Бирлик» этномәдени бірлестігінің өкілдері және этномәдени бірлестіктің  жастар қанаты  көшбасшысы Зульфия Набиеваның бастамасымен жүзеге асырылуда. Фестиваль 2014 жылға дейін өңірлік деңгейде, 2015 жылдан бастап республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Қазақстан және Ресей өңірлерінен келген шығармашылық ұжымдар Қостанай қаласының тұрғындары мен қонақтарына өнерлерін паш етеді.

Биыл әр түрлі жастағы өнерпаздар өз қойылымдарымен қостанайлықтарды  таң қалдырды. Олардың  орындауындағы жалынды  билер, жан тебірентерлік әндер көрермендердің көңілінен шықты.

Қарағандыдан келген «Хайдакъ» лезгинка мектебінің ұжымы Дагестан елінің екі биін тарту етті. Бұл шығармашылық ұжым Қазанда өткен халықаралық байқауда 1 орын иеленіп, Қостанайға жол тартты.

- Мен лезгинка мектебін 2013 жылы аштым. Лезгинка биі балалардың көбіне ұнайды, оны үйренуге деген талпынысын көргендіктен ансамбль құруды ұйғардым. Қазіргі таңда би үйірмесіне сан түрлі ұлттың балалары мен бойжеткендері қатысып, шеберліктерін шыңдауда. Қазан қаласында өткен байқаудағы жеңісімізден кейін, әлі шабыт үстіндеміз. Біз Қостанайға қуана-қуана келеміз. Фестивальге екінші рет қатысып отырмыз. Бізге Қостанай қаласы, халқы өте ұнайды.  Кавказ мәдениетіне арнап  ұйымдастырылатын фестиваль – ерекше. Мұндай деңгейдегі іс-шаралар республикамызда санаулы.  Фестиваль аясында шығармашылық ұжымдар кездесіп, өзара тәжірибе алмасады, - дейді ансамль жетекшісі Умар Омаров. 

Алматы қалалық «Горец» би ұжымы Қостанайға тұңғыш рет келді.  Жас ерекшеліктері әр түрлі 60 бишіден құралған ансамбль «Праздник в горах», «Дети гор» сынды билерімен қостанайлықтардың бойын баурап, сахнаға шырай кіргізді. 

Атыраудан келген грузин этномәдени бірлестігінің ұжымы «Иверия» шығармашылық ансамблінің  орындауындағы грузин билерін қостанайлықтардың назарына ұсынды.

- Би үйірмесіне 60 адам қатысады, іс-шараға 24 адам келді. Біз 6 жыл бұрын құрылған болатынбыз, 5 жастан бастап балаларды қабылдаймыз. Біздің міндетіміз – би арқылы грузин халқының мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын таныту. Өнерімізді республика шеңберінде және Ресей халқына   таныстыруға тырысамыз. Қостанайдың қонақжай халқын жақсы көреміз, фестивальдің тұрақты қатысушыларымыз, - дейді «Иверия» ансамлінің жетекшісі Димитрий Бахтуридзе.

Фестиваліміздің тұрақты қатысушысына айналған «Эльбрус» Павлодар карачай-черкесс және кабардин-балкар ұлттық-мәдени орталығы» этномәдени  бірлестігінің өкілдері тыңдаушы қауымды әсем әніне бойлатты.

Шығармашылық ұжым өкілі Ирина Кунах кавказ мәдениетінің жан-жақтылығын, белгілі бір ережелерді біліп, ұстану  қажеттігін және шығармашылық ұжымдардың бұл міндетті ойдағыдай алып жүргендігін жеткізді.

Сонымен қатар, іс-шараға Жітіқара, Федоров аудандары мен  Қостанай қаласының би үйірмелері қатысты.

Фестивальге қатысқан шығармашылық ұжымдардың барлығы жоғары деңгейде өнер көрсетті, екі сағаттық іс-шара қас қағым сәтте өте шықты. Көрермендер дарынды өнерпаздарға  тік тұрып қошеметтерін білдірді.  Әртістер өз тарапынан келесі жылы қайта келіп, халықты қуантуға уәде берді.  

Облыстық Достық Үйінің баспасөз қызметі