Chania
725
26.09.2018
Ұлттық құндылықтар ұлықталды

Қостанайлықтар дәмі тіл үйірер бауырсақтан, құрттан дәм татып,  құлақтарының құрышы қанғанша халық әндерін тыңдап,  Ұлттық мәдениет күнін атап өтті. 

«Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының аясында облыстық Достық Үйінде Ұлттық мәдениет күні аталып өтілді. Бұл - Достық Үйінде жыл сайын өтетін дәстүрлі мереке. Биыл ұйымдастырушылар қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын таң қалдыруға тырысты.

Тұңғыш рет Тақиялар (төбетейлер) көрмесі ұйымдастырылды. Бұл бас киім түрік халықтарының біразына ортақ, ал «төбетей» сөзі татар халқының «тюбәтәй» сөзінен шыққан, «домалақ бас киім» деген мағынаны білдіреді. Көрмеге 20 төбетей қойылды, олардың арасында қазақ, қырғыз, татар, әзірбайжан халықтарының төбетейлері. Көрме 2018 жылы 50 жылдық мерейтойын атап өтетін Шәкен Аймановтың туындысы «Тақиялы періште» фильміне орайластырылып өткізілді.

Қала тұрғындары үшін тағы бір тосын сый күтіп тұрды - бауырсақтар көрмесі. Бұл тағам көптеген халықтардың дастарқанынан орын алады. Көрмеге дәмі тіл үйірер бауырсақтардың 10 түрі ұсынылды. Мысалы, түрікмендік пешме. Дайындау тәсілі: ашыған қамыр жайылып, ұзын жолақтарға бөлініп, кейін қиғашталып төрткүл шаршы (ромб) түрінде кесіледі. Пешмені қытырлақ нан секілді өсімдік майына қуырады, піскеннен соң қант ұнтағын себеді. Ал грекиялық лукумадес – даршын қосылған ашыған қамырдан әзірленіп, майға қуырылатын үлпілдек тағам. Лукумадес дастарқанға қойылмас бұрын  балмен араластырылады немесе қант шәрбаты құйылып, даршын себіледі.

Кіре-беріс жаққа киіз үй орнатылып, ұлттық нақышта безендірілді. Бұл үшін тарихи-өлкетану мұражайына мың алғыс. Киіз үйде дастарқан жайылып, қонақтарға бауырсақ пен тәттілер ұсынылды. Қолөнер шеберлері ұлттық бұйымдар, ағаш ыдыстар, төбетейлер, ал он саусағынан бал тамған аспаздар құрт пен жент сатты.

Облысымыздың шығармашылық ұжымдары іс-шара бағдарламасына шырай кіргізді. Олар қазақтың халық әндерін шеберлікпен орындады. Көрермендер қазақ ұлттық аспаптарының әуендері арқылы дархан даланың үнін есітті. Іс-шараға студенттер, оқушылар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Оқушылар: «Ұлттық мәдениет күні мерекесі бізге өте ұнады, әсіресе, төбетейлер туралы қызықты да танымдық ақпарат келтірілді. Біз олардың түр-түрімен таныстық. Өте әдемі, ыңғайлы бас киім екен. Бізге татар халқының төбетейлеріне салынатын ою-өрнектерді көрсетті. Музыкалық қойылымдар көңілімізден шықты. Іс-шараға қатысқанымызға ризамыз», - деп алған әсерлерімен бөлісті. 

Барлық қатысушыларға дипломдар табысталды. Достық Үйі әрбір қатысушыға алғыс білдіреді.

Облыстық Достық Үйінің баспасөз қызметі