Chania
892
21.11.2016
«Менің елім - Мәңгілік Ел» жастар акциясы Қостанай облысында

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерейтойына арналған «25 жұлдызды күндер» бастауы Қостанай облысында «менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар патриоттық акциясы аясында патриоттар форумында болып өтті. Бұл акция Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Талдықорған қаласында 4 қарашада бастау алды. Акцияның рәмізі өңірден өңірге эстафетамен тапсырылып отыратын «Тәуелсіздіктің 25 жылындағы «Мәңгілік Ел» жастарының  жетістіктері» атты кітап, ал оның жолбасшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының көшбасшысы Максим Споткай болып келеді. Ақтөбеден Қостанай өлкесіне жеткізілген кітап, салтанатты марштың орындауында ту ұстаушылармен «Мирас» мәдениет сарайының залына әкелініп, сахнадағы арнайы тұғырға қойылды.
- «Тәуелсіздікке ие болған жылдары елімізде жастарға өзін-өзі танытуға барлық жағдай жасалған. Бұл - «Болашақ» халықаралық бағдарламасы шеңберінде білім алу, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасу, «Дипломмен – ауылға!» жобасымен мамандарға қолдау көрсету және басқа да көптеген бастамалар. Бүгінгі таңда біздің балалар «Назарбаев зияткерлік мектебінде» оқуға бірегей мүмкіндіктеріне ие болды. Дарынды жастарға Астанадағы «Назарбаев университетінің» есігі ашық. Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасында жасалып жатыр. Елдің мерейтойын мол табыстармен қарсы алудамыз. Қазақстан құрама командасы  Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарында  тарихта алғашқы рет 17 медаль жеңіп алды, оның ішінде 2-еуі Қостанай спортшылары Василий Левит пен Иван Дычконың қоржынында!»- деп атап  өтті патриоттар форумын ашып, сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Осыдан кейін облыс басшысы «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жариялау», «Қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл», «Семей полигонының жабылғанына 25 жыл», «Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл» және «Ыбырай Алтынсаринның туғанына 175 жыл» атты бес номинация бойынша  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған облыстық бейнероликтер байкауының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Қазақстанның дамуындағы жетістіктерге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин де тоқталып кетті.
-Сонау 8 ғасырдағы ұлы бабамыз, ұлы түрік мемлекетінің іргетасын қалаған Күлтегін каған бізге отанымызды сүйіп, «Мәңгілік Ел» ұлы мемлекет құру туралы жартаста қашалған өсиетін қалдырып кетті. Бүгінде, барша Қазақстан халқының, Президентіміздің күш-жігерінің арқасында біз осы ұлы мемлекеттің іргетасын қаладық. Мен, аға буын атынан, сіздер, жастарға осы идеяны жүзеге асыру жолында игі табыстар тілеймін!
Содан соң Тәуелсіздіктің 25 құрдасы сахнаға шықты, олардың атынан жастар көшбасшысы, белсенді, «Қостанай облысы Алтын кітабының» лауреаты Олжас Дүйсеков Мемлекет басшысы атына арналған үндеуді оқып шықты.
-25 жыл ішінде Қазақстан ұлттық символға айналған барыстың секірісіне тән алға орасан зор, жаңа биік шыңдарға серпіліс жасады! Біз Ұлт Көшбасшысына елімізде бізге жасалып жатқан игі істеріне алғысымызды айтамыз. Біздің құрдастарымыз әлемнің беделді оқу орындарында білім алуда. Елімізде жас маманға қызмет бабында көтерілуге жол ашық. Патриот болу – біз, жастар үшін бұл Отанды сүю ғана емес, сонымен бірге ел  игілігіне өз күшімізді жұмсау деп есептейміз. Біз - Қазақстанның болашағымыз! Біз - Мәңгілік Елдің ісін жалғастырушымыз!
Бұдан кейін Олжас қостанайлықтардың Елбасына жазылған үндеулері бар «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері»  кітабын Павлодар облысынан келген  Павлодар облысы әкімдігінің«Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Қайрат Жақияға тапсырды.
Қатысушылар шарларын, жалаушаларын желбіретіп, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістерімен қосыла «Атамекен» патриоттық әнді шырқап, – «Алға, Қазақстан! Жаса, Қазақстан!» ұранымен Форумды аяқтады.
Іс-шараға студенттік жастар, мемлекеттік басқармалар, мекеме басшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыс, Қостанай қаласының құрметті азаматтары қатысты.

Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келiсiм» КММ баспасөз қызметі