Chania
943
29.09.2016
Жас төгілген лагерь

Кеңес Одағының шамамен 18 мың әйелдері атышулы «Алжир» арқылы өтті.
Дәл осындай атауды 1937 жылы Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері алды. Байтақ еліміздің, түкпір-түкпірінен  күйеулері Сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған 62 ұлт пен ұлыстың  әйелдері жер аударылды. Қостанай облысының Ішкі істер департаментінің мұрағатында біздің өңірден НКВД Қарлагының Ақмола  арнайы бөлімшесіне кезеңмен жіберілген он әйел туралы ақпарат сақталған.
- «Алжирда» қарапайым ғана әйелдер емес, сондай-ақ, белгілі қоғам қайраткерлері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің әйелдері жазасын өтеп жатты. Олардың арасында - кейін атақты болған «Катюша» әнін бірінші орындаған, РСФСР еңбек сіңірген әртісі Лидия Русланова, болашақ Кеңес бард әншісі Булат Окуджаваның анасы - Aшхен Налбандян және болашақ балет примасы Майя Плисецкаяның анасы - Рахил, Қазақстанның тумасы, кеңестік партия қайраткері Тұрар Рысқұловтың әйелі Азиза да болды, - дейді «Алжир» саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражай - мемориалдық кешенінің маманы Cая Майлыбаева. - Ол жерде контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшыл қызметі үшін айыпталып, 1938 жылы ақпанда атылған Қостанай облысының тумасы,  көрнекті қазақ жазушысы-драматург Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал Майлина да жазасын өтеп отырды -  Майлиндердің балалары - Еділ, Мереке мен Рәзия Семей үйіне жіберілді. Гүлжамал Майлина абақтыдан 1943 жылдың мамыр айында бостандыққа шықты. Барақтағы тұтқын әйелдерге өте қиын болды, бірақ оларға отбасы, мен балалардан ажырып қалу, хат-хабар алыса алмау құқығы одан да қиынға соқтырды.
«Қoғaмдық келісім» КММ-де өткен саяси қуғын-сүргін және «Алжир» тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешені қызметкерлерімен кездесуге қатысқан қостанайлықтар мыңдаған әйелдер тағдырының осы фактілерін естіді.
- Келесі жылы, Ақмола облысының Целиноград ауданы Ақмол ауылында орналасқан біздің тарих мұражайына 10 жыл толады. 2017 жылы біз тағы екі мерейтойды - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жарияланған Жарлығына 20 жыл және жаппай қуғын-сүргіндерді қудалауды бастаудың 80 жылдығын атап өтеміз,- дейді мемориалды-мұражай кешені бөлімінің басшысы Лаура Әбдірахманова. - Біз қазірдің өзінде осы күндерге көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, дайындықты бастап кеттік, еліміздің көптеген аймақтарын аралап келіп, біздің ортақ тарихымыздың қорқынышты беттеріне тап болғандардың ұрпақтарымен кездестік. Біз қуғын-сүргінге ұшырағандардың балалары, немерелері, шөберелерімен кездесіп, олардың естеліктерін жазып қана қоймай, сонымен бірге әртүрлі аудиторияларда біздің жұмысымыз туралы айтып отырамыз, «Алжирдың қатты суығы» атты фильмін көрсетіп, жас ұрпаққа еске сақтауды тапсырамыз. Олардың көпшілігі мұражайдың қорына естелік заттарын әкеліп тұрады. Қиын-қыстау күндері жадымыздан кетпеуі керек, біз жазықсыз қаза болғандарды есте сақтап, ешқашанда қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеуге күшімізді жұмсауымыз қажет!
Профессор, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Дмитрий Легкий бір тарауы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Қостанай облысының тарихы туралы авторлық жинағын мұражай қорына табыс етті.
- Қазақстан еріксіз мыңдаған кеңестік азаматтары үшін жер аудару орнына айналды, бірақ қазақ халқы өз үйлері мен отбасыларынан айырылғандарға қол ұшын беріп, көмектесті. Және бұл өте басты құндылық болып табылады, қуғын-сүргінге ұшырағандардың, арнайы көшірілгендердің ұрпақтары қазақ жеріне, оның мейірімді, жанашыр халқына алғысын білдіріп, жылдар өтсе де оны мәңгі есінде сақтайды деп, - атап өтті Дмитрий Легкий.

Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келiсiм» КММ баспасөз қызметі