Chania
22
01.02.2024
Халықаралық Ақ орамал күні Қостанайда алғаш рет атап өтілді

Мерекелік шара Достық үйінде Қостанай облысы ҚХА Аналар кеңесі мен «Қазақ аналары - дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өтті.
«Ақ орамал» ұғымы қазақ тарихында терең философиялық мағынаға ие. Ақ түс - тазалықтың символы - ой тазалығы, жан тазалығы; ар-намыстың, адалдықтың, пәктіктің белгісі.

«Ақ орамал» іс-шарасы ежелгі татуластыру әдет-ғұрпына негізделген: әйел жауласып жатқан жандардың арасына басындағы орамалын тастаған кезде, соғыс, жанжал тоқтаған.

Іс-шараға келген қонақтар үшін Аналар кеңесі мен «Қазақ аналары-дәстүрге жол» бірлестігінің белсенділері аппақ орамалдың қадір-қасиеті туралы баяндап, «Беташар» дәстүрін паш етіп, орамал тағу өнері жөнінде шеберлік-сағатын көрсетті. Кездесу домбыра үнімен әрленген жанды дауыстағы халық әндерімен тәмамдалды.