Chania
686
20.07.2016
Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі

Құрметті отандастар!

18 шілде күні Алматы қаласында болған террористік шабуылдың салдарынан  құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарақаттанып, бірнешеуі қаза тапты, қала тұрғындары зардап шекті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл жантүршігерлік оқиғаның құрбаны болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қайғыларына ортақ екендіктерін білдіреді.
Осынау қиын күндері Қазақстанның барша халқы Сіздермен бірге деп ойлаңыздар.
Елбасы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды, адамдар көп жиналатын жерлерді қорғауды, қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз етуді тапсырды.
Ол ел тыныштығын бұзуға жол берілмейтініне, тәртіпті қалпына келтіру бойынша барынша батыл шешімдер қабылданатындығына азаматтардың сенімді болуы керектігін атап көрсетті.
Біз  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елдегі қоғамдық келісімді, тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған іс-қимылдарын толығымен қолдаймыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жазықсыз жандардың өмірін қиған мұндай адамшылыққа жатпайтын актіні, елдегі бейбіт өмір мен тыныштықты бұзатын қандай да бір қылмыстық әрекеттерді қатаң айыптайды.  
Біз барша Қазақстан халқының зорлық-зомбылықтың,  радикализм мен экстремизмнің қандай да түрлерінің таралуына бір адамдай қарсы тұратындығына сенімдіміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қойған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне зор ризашылығын білдіреді.  Біз қылмыскерлердің әрекеттерінен зардап шеккен барлық адамдардың тезірек сауығып, қатарға қосылуларына тілектеспіз.   
Бүгінде әрбір Қазақстан азаматы елдегі бейбіт өмір мен тыныштықты көзінің қарашығындай сақтауға тиіс деген сенімдеміз. 
Біздің әрқайсымызға Отанымыздың тағдыры ерекше қымбат. 
Қазақстан патриоттары үшін тәуелсіздік, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім ең қасиетті құндылық болып келді және солай бола да бермек.  
Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан халқының еліміздегі бейбіт өмір мен  келісімді шайқалтуға бағытталған кез келген әрекетінің жүзеге асуына Болашағы біртұтас ұлт ретінде жол бермейтініне сенімді.
Біз – тағдырымыз ортақ біртұтас Елміз!

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі,
2016 жылғы 19 шілде, Астана қаласы