Chania
1090
06.06.2016
Сабантуй байрам белән!

Татарстан президенті «Дуслык» Қостанай татар-башқұрт қауымын Сабантуймен құттықтады.
Биылғы жылы мереке ақын Ғабдолла Тоқайдың 130 жылдығына және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Іс-шара «Шағала» жағажайында  басталып, Қостанайдың орталығына дейін баянның сазды үні, шырқалған әндер әуені жетіп жатты. Әр жерден «Рахим итегез!» - «Қош келдіңіздер!» және «Сабантуй байрам белян!» - «Сабантуй мерекесі құтты болсын!» деген құттықтау сөздері естіліп жатты. Көпшілік ер азаматтардың ұлттық тақиялары, әжелердің ақ орамалдары, келіншектер мен қыздар басында калфак сән келтіріп тұрды.  Біреулері шатыр көлеңкесінде жайғасып отырса, басқалары үстелге дастархан жайды, ал мәз болған балалар ат арбаға мініп серуендеді, сахна жанында соңғы дайындықтар жүріп жатты.   Рудныйлық «Байрам» ұжымы әртістері ән айтуға дайындық жүргізіп жатса, сүйемелдеушілер гармошкаларын күйіне келтіріп, «Аюлар туралы әнді» орындаған Сабантуйдың ең жас қатысушысы, саксофоншы Александр Граб қабынан өз музыкалық құралын шығарып жатты. Саша басқа да балалармен Сария Сеит сабақ беретін қауым жанындағы жексенбілік мектепке барады. Сария-апа орталықтың белсенді мүшесі және демеушілерінің бірі. Ол Сабантуйда әрбір оқушысына сыйлық берді.
- Біздің балаларымыз, немерелеріміз ана тілін біліп, салт-дәстүрді оқып үйренуге ынталы болғанын қалаймыз. Біз Татарстанмен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Жыл сайын Қазан қаласының жоғары оқу орындарында жастар қанатындағы біздің белсенділер тегін білім алуда. Оларға онда жатақхана беріліп, шәкіртақы төленіп отырады. Қуанарлық жайт - келесі жылы Татарстан Президенті Рустам Минниахановтың қолдауымен республикалық Сабантуй  Қостанай қаласында өтеді, - дейді Сария Сеит.
Біздің мемлекеттер арасындағы байланыс күннен күнге нығая түскендігін елдің еңбек сіңірген әртістері Қостанайға жыл сайын ұсынатын Татарстан басшысының қолы қойылған құттықтау хаттары растайды. Биылғы жылы осындай құрметті міндет Татарстан Республикасы халық әртісі Искандер Биктагировке және Татарстан Республикасы еңбек сіңірген өнер қайраткері Фарид Хатыповқа бұйырды. Олар «Дуслык» қауымы қарты Рамиль-хаджы бата беріп, концерттік бағдарламаны ашқаннан кейін бірінші болып сахна төріне шықты.  Келген әртістер бірнеше ән салды, ал алғашқысы Ғабдолла Тоқайдың өлеңіне жазылған барлық аналарға арналды. Содан кейін Искандер Биктагиров Рустам Миннихановтың құттықтау хатын оқып берді.
Сабантуй – дүние жүзіндегі барлық татар мен башқұрттардың  сүйікті және көптен күткен мерекесінің бірі. Шынында да ол бүкілхалықтық болып келеді. Ол өзінің бірегей ерекшілігін жоғалтпай, еңбек сүйгіштік, жер-анаға деген сүйіспеншілік және адал еңбек идеялары тән болатын барлық ұлттар мен дін өкілдерін біріктіреді.  Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың 130 жылдығында мереке ерекше аталып өтілуде. Биылғы жылы соқа мейрамы Ресейдің 57 өңірінде және алыс-жақын шетелдің 27 елінде тойланады. Біз татар мен башқұрттар Сабантуй мерекесі бүкіл әлемге біздің халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін паш ететіндігімен мақтан тұтамыз. Көптеген біздің қауымымыз бар Қазақстанға келу біз үшін үлкен қуаныш. Жақында ғана біз Тоқайдың мерейтойы аталып өткен Орал қаласында болдық. Бұл берекелі және қонақжай елге бақ-береке, амандық және мол өнім болсын, - деп Татарстан Президенті атынан халық әртісі тілек білдіріді.
Концертпен бірге қауымның аға буыны белсенділерінің дайындаған ұлттық тағамдарын тамашалаумен бірге дәмін татуға да мүмкіндік туды.
- Қазіргі уақытта қымыздықтың шығатын маусымы, сондықтан мен оны дәстүрлі қаусырма – кузғалак үшін салындысы ретінде пайдаландым. Сондай-ақ ірімішік пен қарақат салынған қаусырма пісірідім. Қарақат татарша «қарлыған» деп аударылады, ал ірімшік қазақ сөзімен үндес «эремчак» деп айтылады, - дейді Гульсина Халикова. – Татар мен башқұртта қаусырма – үстелдің басты сәні болып табылады.  Қаусырма тәтті болып та, етпен де, әртүрлі  салымдармен пісіріледі.
Үйлену тойы мен отбасылық тойларға міндетті түрде «Тату гэйлэ» - «Тату отбасы» атты қаусырмаға арналған қамыр дайындалады. Оны көрме үшін 75 жастағы Альфина Низаметдинова алып келді.
- Мұндай қаусырма бізде торт сияқты үстелдің ортасына қойылады, - дейді Альфина-апа. – Оны тосап, мейіз, кептірілген өрік қосып, бетін цукатпен әрлеп пісіреді. Қазақстанда мен 1968 жылдан бері тұрамын. Осы жерге бауыр басып қалдым, бірақ тарихи отанымды да ұмытпаймын. Сабантуй барша татар мен башқұртты біріктіреді, сондықтан әрқайсымыз осы мерекеге бір-бірімізді көріп қауышу үшін, әртістердің өнерін тамашалауға, жарысқа қатысушы балаларға жанкүйер болуға асығамыз. Бұл ең алдымен бейбітшілік пен жақсылықтың мерекесі! 
«Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Балажай Ардабаева  аталған мекеме атынан «Дуслык» қауымын мерекемен құттықтады. Ол Сабантуй Қазақстанда барлық этностарды біріктіретін бүкілхалықтық және сүйікті мерекеге айналғандығын атап өтті.

«Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі