Chania
144
01.11.2022
Неміс мәдениетінің фестивалі

Қазақ тіліне аударғанда «Шабыт» деген ұғымды білдіретін «Begeisterung» фестивалі Қостанайда осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі шара биыл Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орайластырылды.

Фестивальға қатысқан жергілікті неміс этномәдени бірлестігінің өкілдері өздерінің шығармашылық, аспаздық, ісмерлік өнерін көрсетті. Мерекеге жиналған көпшілік неміс­тің ұлттық тағамдарынан ауыз тиді.

Отыз жыл бойы «Возрождение» бірлес­тігіне жетекшілік етіп келе жатқан Елена Руссманның айтуынша, бүгінде Қазақстанда неміс ұлтының 171 мыңнан астам өкілі тұра­ды. Оның шамамен 25 мыңдайы Қостанай облысын мекен еткен.

Фестивальге Астана қаласынан арнайы келген Зарина Феллер де еліміздегі неміс этномәдени бірлестіктері атқарып жатқан игі шараларға белсенді атсалысып жүр.

– Ата-бабаларымыз қазақ топырағына 1940 жылдары жер аударылып келген. Сол кісілерден өсіп-өнген ұрпақпыз. Өз басым ұлттық орталықтар жиі өткізіп тұратын мерекелерге осыдан екі жыл бұрын ғана неміс мектеп-гимназиясында оқитын қызымның ықпалымен шындап араласа бастадым. Қазір қызым неміс тілін әжептәуір меңгеріп алды. Өзім де тіл үйрету курстарына барып, өз ұлтым­­ның тарихын, мәдениетін тереңірек оқып-біліп жатырмын, – дейді Зарина.

«Begeisterung» фестиваліне өңірде жұмыс істеп жатқан өзге де ұлттық-мәдени орта­лық­тар­дың өкілдері қатысты. Олардың айтуынша, мұн­дай мәдени-танымдық мерекелер елімізде тату-тәтті бейбіт өмір сүріп жатқан этностардың бір­лігін арттырып, тұрмысын ажарландыра түседі.

– Бұған дейін біз қазақ, славян, татар және башқұрт мәдениеті фестивальдерін өткіздік. Бүгінгі фестиваль жыл бойы атқарып келе жатқан іс-ша­раларымыздың заңды жалғасы. Мұндай мерекелерді өткізудегі басты мақ­сатымыз – көпшілік қауымға облы­сы­мызда өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттау. Олардың арасынан шыққан қайраткер аза­маттардың елге сіңірген еңбегін дәріптеу, – дейді Қос­танайдағы Достық үйінің директоры Наталья Рамазанова.

12