Chania
153
09.09.2022
«Қазақ тілі - қасиетім менің»

Достық үйінде түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді білуіне арналған «Қазақ тілі - қасиетім менің» облыстық байқауы болып өтті.

Байқауға бес аудан мен екі қаладан келген 16-22 жас аралығындағы жастар қатысты. Іс-шара түрлі этнос өкілдері арасында қазақ тілін үйренуді насихаттауға бағытталған. Байқау төрт кезеңнен құралды. Бірінші кезең – эссе жазу. Қатысушылар 15 минут ішінде Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығының өзекті тақырыбын ашу қажет болды. 

Екінші кезең – визитка – қатысушының өзін-өзі таныстыруға арналды. Мұнда балалар өздері, отбасы, мектебі және сүйікті істері жайлы баяндап берді.

Үшінші кезең - зияткерлік викторина түрінде болып, қатысушылар Қазақстан тарихы, ұлттық тағамдары, музыкасы, мерекелері туралы өз білімдерін көрсетті. Тез ойлау мен тапқырлық қасиеттері сайыскерлерге қажетті ұпай сандарын жинап алуға көмектесті.

Төртінші кезеңде әр қатысушы көрерменді өз шығармашылық өнерімен таңғалдырды. Олар мәнерлеп өлең оқып, музыкалық аспаптарда ойнап, ән шырқап, би биледі.

Қазылар алқасының шешімі бойынша  үшінші орынды Федоров кентінің тұрғыны Мария Черненко, екінші орынды Қостанай ауданы Алтынсарин ауылынан келген Дария Хабибуллина жеңіп алды. Арқалық қаласының тұрғыны Любовь Васецкая жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер сыйлық сертификаттарына ие болып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сымсыз құлаққаптар табысталды.