Chania
147
27.08.2022
Тату-тәтті көршілік дәстүрі

Қостанай қаласында «Тобыл – достық өзені» халықаралық жастар форумы болып өтті. 


Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының әдеттегі жазғы іс-шарасы Жітіқара, Лисаков, Рудный, Қостанай және Денисов ауданынан келген 40 бозбала мен бойжеткеннің басын қосты. Бұл іс-шараның ерекше қонақтары - Қостанай қаласы сияқты, Тобыл өзенінің жағасында орналасқан Ялуторовск қаласынан (РФ) келген қатысушылар болды. 


Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған салтанатты ашылу рәсіміне Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев қатысты. Ол өз сөзінде форум - екі ел жастары үшін ерекше диалог алаңы екендігін, екі елдегі тату көршілік қарым-қатынастардың жақсы дәстүрімен қатар, Тобыл өзені ағып жатқан қалалармен ынтымақтастық қайта жаңғыратынын атап өтті.
Форум ашылуы өткен соң, қатысушылар Ы. Алтынсарин кесенесіне барып, содан кейін «Золотой фазан» мейрамхана-қонақ үй кешенінің базасына көшті. Бірінші күні форум қатысушылары түрлі тренингтер, ұйымшылдыққа арналған ойындар ойнады, ал кешке А. Байтұрсыновқа арналған қызықты квесттен өткен соң, алау жанында жиналып, гитарамен ән шырқады.


Екінші күн туристік әскери-патриоттық эстафетасынан басталды. Топ-топқа бөлінген балаларды әртүрлі кезеңдер: шатыр жинау, садақтан нысанаға ату, пневматикалық мылтықтан ату арқылы ұпай жинау, «жарақат алған адамға»алғашқы медициналық көмек көрсету, автоматты жинау және бөлшектеу, туристік түйіндерді шешу және байлау, ең жылдам от жағу және суды қайнату күтіп тұрды. 


Жастар барлық тапсырмаларды сәтті орындап шығып, түстен кейін форумның салтанатты жабылуын тамашалау үшін Достық үйіне аттанды. Онда делегациялар алдын-ала дайындап келген флэшмоб-билерін көрсетіп, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан естелік сыйлықтарға ие болды.