Chania
157
06.07.2022
Қостанайда дәстүрлі Сабантой мерекесі атап өтілді

Қостанайда дәстүрлі Сабантой мерекесі атап өтілді

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени орталығы халықтың сүйікті мерекесін пандемияның екі жылын өткерген соң кеңінен тойлап өтті.

Іс-шара тағы да ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы жағалауында өткізілді. Сабантой бірден бірнеше алаңдарда жүргізіліп жатты: сахнада мерекелік концерт болып жатқан сәтте,  жағалаудың орталық алаңқайында спортшылар, олардың жанында татар ауласы орналасып, одан әрірек ұлттық татар және башқұрт ойындары ойнатылды.

Іс-шараның ресми бөлігі мереке қонақтары - Зуфар Махмутов пен Раис Яушевті марапаттаудан басталды. Олардың атқарған зор жұмыстарының арқасында Қостанай татарларының тарихы туралы кітап жарыққа шығып, мереке барысында халыққа таныстырылды. Қауымдастық өміріне белсенді қатысқандары үшін татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшелері және басқа да ЭМБ өкілдері де марапаттауларға ие болды.

Концерттік бағдарламаны Қазаннан арнайы келген әнші қонақтарымыз - Мұса Камалов пен Лилия Гиматдинова бастады. Олар қостанайлықтардың аса қонақжайлығын атап өтіп, өздерін жылы қабылдаған халыққа ризашылықтарын білдірді.

Мерекелік концерт қостанайлық және ауданнан келген әртістердің ән-би шашуларымен жалғасын тапты. Көрермендер шаттықпен ән шырқап, билеуден де жалықпады.

Концертпен қатар, куряш күресі бойынша жарыстар өткізілген спорт алаңы өз жұмысын атқарып жатты. Қостанайлық Мылтықбай Әбдуаетов пен Әулиекөл мекенінің тұрғыны Тоқтар Жиентаев жүлделі қошқарларға ие болды. Сондай-ақ, мұнда армрестлинг, гір көтеру және арқан тарту бойынша жарыстар болып өтті.

Спорттық алаңның жанында татар ауласы орналасып, онда татар халқының  тұрмыстық және үй-іші заттары, ұлттық тағамдары ұсынылды. Дәл осы жерде барлығы да  20 кг-дық чак-чактан дәм тата алды.

Татар ауласынан әрірек орналасқан алаңда халық ойындары қызу өткізіліп жатты. Балалар мен жасөспірімдер қапшықпен секіруден жарысып, жабық көзбен құмыраларды сындырудан, айраннан алтын тиын іздеуден де қаймықпады. Ең жылдам және тапқыр ойыншылар естелік сыйлықтарға ие болды.

Қостанайлықтар осындай ауқымды мерекелерді сағынып қалғандарын мойындап, ұйымдастырушыларға керемет демалыс пен көңіл-күй үшін алғыстарын білдіріп жатты.