Chania
210
13.12.2021
Өнер алды – қызыл тіл!

Қостанайлық студенттер Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған республикалық байқаудың жеңімпаздары атанды. 


Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған  мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарының арасындағы байқауға қатысқан Юлия Овчинникова мен Алена Блинова есімді дарынды арулар Алматы қалалық Достық үйінің сахнасында қазақ халқының көрнекті ақыны Жамбыл Жабаевтың шығармаларын мәнерлеп оқып,  жоғары дәрежеге ие болды. Сөз құдіретін терең  түсінетін бұрымдылар байқаудың аймақтық кезеңінде де жеңіске жеткен болатын.

\
«Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген көптеген жандармен таныстық, балаларға қазақ тілін меңгертуге арналған, 250 мыңнан астам адам қатысатын онлайн-байқаулар туралы ақпаратқа қол жеткіздік. Сапардан ерекше әсер алдым», - деді Юлия Овчинникова.
Юлия – Қостанай педагогикалық колледжінің «Балабақша тәрбиешісі» мамандығының студенті, ал Алена Қостанай гуманитарлық колледжінде білім алуда, мұғалім болуды армандайды.  Қос аруға да лауреат атағы беріліп, смартфондар сыйға тартылды.


Сапар аясында өнерпаз қыздар қазақ тілі пәнінің мұғалімі Дмитрий Ромащенкомен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі іс-шарасы – мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумына қатыcты. Қатысушылар мемлекеттік тілді меңгеру жолындағы тәжірибелерімен алмасып қана қоймай, қазақ тілін меңгерген азаматтарға арналған «әлеуметтік сатының» мүмкіндіктерімен танысты.