Chania
214
26.11.2021
Мейірімге толы өмір

«Шарк» тәжік-өзбек этномәдени орталығы отбасылық үлгідегі «Жанұя» ауылының тәрбиеленушілерін қуантты.
Қауымдастық  белсенділері Жаңа жыл қарсаңында балалардың көңілін көтеруді  жөн санап, Тәжікстан жерінде өскен, дәмі тіл үйірер жеміс-жидектер, алма, құрма, жүзім ұсынды. Ал, жергілікті өндірушілер картоп, ұн, қантпен және сан түрлі жармамен қамтамасыз етті.


Кездесу ұзаққа созылмаса да әсерлі болды. «Жанұя» ауылының қызметкерлері этномәдени орталықтың төрағасы Эргашвой Холметовтың жастық шағын еске алып, оның бүлдіршіндерге қолдау танытуға бағытталған игі ісін аса бағалайтынын жеткізді. Бүгінде қауымдастық төрағасының самайын қырау шалса да, көмекке, жылы сөзге мұқтаж балаларды назардан тыс қалдырмайды.


Қауымдастық  пен  отбасылық  үлгідегі «Жанұя»  ауылының  достығы 18 жылдан астам уақыт  бойы үзілмей келеді. Бүгінде балалар өз қамқоршыларын қала көшелерінде танып, амандасады.
Кездесу соңына қарай мекеме әкімшілігі меценаттарға алғыс хаттар табыстады, ал қайырымды жандар  көктем мерекесі ¬- Алғыс айту күнін бірге атап өтуге уәде берді.