Chania
285
18.06.2021
МҮГЕДЕК БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫН СЫЙҒА ТАРТУ ЕТТІ

«Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігі Қостанай облыстық балалар ауруханасына сый-сияпат жасады. «Қалпына келтіру емі және оңалдыру» бөліміне мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқу құралдарын сыйға тарту етті. 


  Бұл бөлім 40 орынға шақталған. Алайда, күрделі жөндеу жұмыстарына орай 20 науқастан артық қабылдамайды. Жыл басынан бері 140 бала осында ем-дом қабылдаған екен. «Оларды оңалдыру, қалпына келтіру емі 21 күнге созылады. Осы уақытта балғындардың қимыл-қозғалысын, ой-өрісін дамытуға көп көңіл бөлеміз» - дейді бөлім меңгерушісі Гүлбайрам Нұраханова. Оның айтуынша, машықтандыру сабақтарын өткізуге әдістемелік материал өте көп қажет. Әрине, аурухана барынша жеткізіп беруге тырысады. Бірақ,  мол болса баланы қолынан қақпай, бір нәрсені бірнеше рет жасауына, әбден игергенше ештемеден тарықпауына жағдай жасалады. 


  Мүмкіндігі шектеулі балғындар мен ақ халатты абзал жандардың осы тілегін ескеріп «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігі демеушілердің көмегімен керек-жарақты жеткізіп беруге қол ұшын созды. Арнайы ойыншықтар, тоқуға арналған жіптер, тігуге қажет материалдар бұдан да басқа тағы да көптеген әдістемелік оқу құралдарын күні кеше осы бірлестіктің төрағасы боп сайланған Нұржан Ермағамбетов пен оның орынбасары Гүлжамила Сүндетбаева барып табыстады. 
  Ұлы Абай айтпақшы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп, мына  дүниенің бір кірпіші боп қалану әрбір азаматтың борышы. Әркім мұны әрқалай атқарады.

Он екі мүшесі сау адамға мұның аса қиындығы болмас, әрине, Ал, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда өз орынын табуға әлеуметтің қолдауы, демеуі қажет.  «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігі де бұл кішкентайлардың қолөнерге жаттығып, осы дүниенің бір кірпіші боп қаланғанын тілейді!