Chania
406
11.09.2020
Мерейтойға арналған мерейлі марапаттар

Этномәдени бірлестіктердің төрағаларына Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған медальдар табысталды.
Достық үйінде өткен салтанатты іс-шара барысында  бірлестік төрағалары, консультативтік-кеңестік органдары мен БАҚ өкілдері этносаралық келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін марапатталды. 
Қостанай облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Бибігүл Аққожина консультативтік-кеңестік органдары мен БАҚ өкілдеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қолтаңбасы  қойылған медальдарды табыс етті.


«Бұл жыл маңызды тарихи даталарға толы, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, ғұлама ойшыл  Әл-Фарабидің, жерлесіміз, ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің, ғалым, зерттеуші Шоқан Уәлихановтың  мерейтойлары, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы  Конституциясының 25 жылдығы аталып өтуде. Облыстық Ассамблеяның төрағасы Архимед Мұхамбетовтың атынан баршаңызға зор алғыс білдіремін»,  - деді Бибігүл Аққожина.
Күннің екінші жартысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев этномәдени бірлестіктердің төрағаларына медальдар табыстады.


     «Жақын арада пандемияны жеңіп, келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, ауқымды іс-шаралар өткізетінімізге сенемін. Бүгінгі марапат - сіздің еңбегіңіздің жемісі, этносаралық келісімді сақтауға қосқан үлесіңіз үшін алғысым шексіз. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері  әрдайым қайырымдылық акцияларға қатысып, мұқтаж жандарға көмектесіп, игі істерге бастамашы болатыны көңіл қуантады», - деді Марат Жүндібаев.
Іс-шара аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл»  медалімен  40-қа жуық адам марапатталды.