Chania
385
19.08.2020
Қостанайлық украиндықтар Ресейде өткен іс-шарада жеңіске жетті

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының вокалдық ұжымдары Челябі қаласында өткен «РАДЯНСКА УКРАИНА» атты украин шығармашылығының VIII Халықаралық фестиваліне қатысып, жеңіске жетті.
«Лира»  украин әндерінің ансамблі мен «Раздолица» орыс, славян және казак әндерінің ансамблі жоғары дәрежелі марапаттарға ие болды. Іс-шараға  үш мемлекеттен 350-ге жуық өнерпаз қатысқан болатын. Біздің еліміз бен жеріміздің атынан өнер көрсеткен шығармашылық ұжымдар бірнеше номинация бойынша «I және II дәрежелі лауреаттар» атағына ие болды.


Челябі облыстық Достық үйі ұйымдастыратын дәстүрлі мереке биыл онлайн форматта өткізілді, қатысушылар кесте тігіп, ұлттық тағамдар әзірлеп, украин тілінде ән салып, өлең оқып, бар өнерлерін паш етті. 
Біздің шығармашылық ұжымдар бейнетаспаға әндерін жазып, әділқазылардың қарауына ұсынды. Шығармашылық байқаудың әділқазылары «Лира» ансамблінің орындауындағы «Мова єднання», «Нехай квітує Україна»,  «Гей, наливайте» және «Раздолица» ансамблінің орындауындағы «Мы - украинцi», «Верба», «Баянiст» сынды әуезді әндеріне жоғары баға берді.  
«Былтыр Қостанай және Челябі облыстарының арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Іс-шарамызға Қазақстан өкілдерінің қатысқанына қуаныштымын, екі шығармашылық ұжымның композицияларын  тыңдап,  жарқын әсерге бөлендік, әділқазылар  өнерпаздардың өнеріне тәнті болып, бұл ансамбльдерді Челябі қаласында өтетін гала-концертке шақыруды ұсынды», дейді Челябі облыстық Достық Үйінің директоры Ю. Лапидус.
Қос шығармашылық ұжым «Заманауи украин әндері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, сонымен қатар, «Раздолица» «Жан тербетер ән» номинациясы бойынша екінші орынға ие болды. Ансамбльдің жас орындаушылары - Анель Пимичева мен Елена Корчкованың дуэті үздік деп танылды. Бұлбұл қыздар «Била мэнэ маті» әнін орындаған болатын.


«Бұл іс-шараға ерекше ықыласпен дайындалдық.  Шығармашылықпен айналысатын адамдарға оқшаулану қиын. Біз концерттерге қатысып, қойылымдар қоюды армандаймыз, аталмыш іс-шара аясында өнерімізді,   шығармашылығымызды халықаралық деңгейде көрсететін мүмкіндік туды. Жеңіске жеткенімізге қатты қуандық. Көркемөнерпаздар үшін халықтың ілтипатынан асқан жеңіс жоқ. Ансамбліміз жаңа белестерді бағындыруға дайын», - дейді «Раздолица» ансамблінің жетекшісі Светлана Обухова.
Фестиваль аясында Максим Рильськийдің «Україні» өлеңін оқыған украин қоғамдастығының белсенді мүшесі, өлеңге жаны құмар, ерекше дарын иесі - Милина Третьяк «Украинское слово» номициясы бойынша екінші орынға ие болды.