Chania
303
10.08.2020
Абай – күллі әлем мойындаған кемеңгер ақын

Бүгін, қазақ халқының Ұлы ақыны,  ғұлама ойшыл  Абай Құнанбайұлының туған күнінде Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қаламгердің  175 жылдығына арналған «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты халықаралық онлайн-конференция өткізді.


ZOOM платформасында  өткізілген іс-шара барысында Қостанай облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Кадралинова Мәрияш, Абай мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының (Семей қаласы) ғылыми қызметкері Гүлназ Бейсенбинова  және Челябі облысы Халықтар Достығы Үйінің жанындағы «Жақсылық» облыстық қазақ мәдени ұлттық орталығының төрайымы Юлит Ысқаққызы Байдулетова сынды спикерлер Абайды танытуға, оның еңбектерін насихаттауға арналған баяндамаларын оқыды.
Онлайн-іс-шараның басында қатысушылар Абай Құнанбайұлының өмір жолынан хабар беріп, Ұлы ақынның ең танымал туындыларын оқыды. Іс-шараға Ресейдің Оңтүстік Оралынан қосылған қатысушылар Абай Құнанбайұлының шығармашылығына деген қызығушылықтарын жеткізді. 


«Өткен ғасырдың 70-жылдары біздің өлкемізде Жоламанов Ыдырыс-ата есімді ақын өмір сүрген.  Ол жастарды өз дінін, мәдениетін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтауға баулыған. Бір күні бір жанұяда дүниеге нәресте келіп, той жасалды. Сонда Ыдырыс-ата қолына домрасын алып, «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады. Ол жиналған жұрттың таңырқағанын байқап, ағартушы, ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, аудармашылық қабілеті туралы баяндап, оның орыс ақындарының көптеген шығармаларын аударғанын, тіпті Пушкиннің «Евгений Онегиннің Татьянаға хатын» қазақ тілінде танытқандығын жеткізді. Содан соң, ол Абайдың «Қара сөздер» атты кітабын алып шықты. Біз бұл кітапты кезектесіп оқып шықтық, данагөй тұлғаның ақыл-кеңестерін қойындәптерлерімізге жазып алуға тырыстық.  Челябі облысында  қазақ даласының Ұлы ақыны Абайдың мұрасын танытуға арналған іс-шаралар өткізілетін болады.  Абай Құнанбайұлының мұрасы  мәңгілік», - деді Юлит Ысқаққызы.  


Іс-шара соңына қарай спикерлер Ұлы даланың Ұлы ақынын еске алу мүмкіндігін сыйлаған Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдеріне алғыстарын  білдірді.