Chania
396
04.07.2020
Домбыра үні әлемді тербейді

Қостанайлықтар ОАР, Франция, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің  музыканттарымен бірге Құрманғазының күйін орындады. 
Ұлттық домбыра күніне арналған халықаралық онлайн-конференция аясында қазақ халқының атақты композиторы Құрманғазының «Балбырауын» күйі  бір мезгілде орындалды. Бұл ерекше флэшмобты Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Отандастар» қоры» КЕАҚ ұйымдастырған болатын.


«Домбыра қазақ халқының киесі әрі қазынасы. Әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні жан дүниемізді тербетіп тұрады. Көз алдымызға кең байтақ даланы, сол даланы жайлаған қалың елді, елдің тұрмыс-тіршілігін елестетеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев домбыраны шебер меңгерген. Оның бастамасымен елімізде шілде айының бірінші жексенбісінде Домбыра күні аталып өтіледі.  Бұл маңызды мереке, себебі біз өскелең ұрпаққа салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды, мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға міндеттіміз. Жастардың, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің домбыра тартып, күй орындай алатыны көңіл қуантады. Баршаңызды Домбыра күнімен, сондай-ақ келе жатқан Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деді  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өзінің құттықтау сөзінде.


Іс-шараны Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, музыкант,  саусағынан бал тамған домбырашы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай және Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі жырау Алмас Алматов жүргізді. 
Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков конференция қатысушыларын домбыраның пайда болу тарихымен таныстырып, ерекше даналарына, оның ішінде Махамбеттің домбырасына сипаттама берді, сонымен қатар домбырада және баянда күй ойнап берді.


Қатысушылар «Балбырауын» күйін бір мезгілде орындап, іс-шараның мақсатын іске асырды. Әлемнің сан түрлі елдерінің жүздеген өкілі домбыраның құлағында ойнады.  Бұл флэшмобқа Кирилл Ким, Анель Пимичева, Наурызбай Әмірхамзин, Айбек Балтабаев сынды қостанайлық өнерпаздар да қатысты.
«Мұндай ауқымды іс-шараға қатысу мен үшін үлкен құрмет. Домбыра - киелі аспап. Оның үні күллі әлемді тербесін деп тілеймін», - деді Анель Пимичева.