Chania
341
01.07.2020
Тіл мәртебесі - ел мәртебесі

Қостанайлықтар  «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі»  атты республикалық онлайн форумға қатысты. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев қатысқан және Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың алдағы мерейтойына арналған форум «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық  экспедициясы  акциясы аясында өткізілген болатын. 


Форум барысында Қостанай облысының атынан танымал журналист және тележүргізуші Алла Чечеткина  мен «Дуслык» татар-башқұрт қауымдастығының белсендісі Анель Пимичева сөз сөйледі.
«Мен былтыр Қызылордада өткен экологиялық форумға қатысқан болатынмын. Бізге «тек қазақша сөйлеу қажет» деген талап қойылды, сонда бір бала: «Біздің арамызда орыс бар! Оған қазақша сөйлеу қиын болады-ау»,- деді. Мен сол кезде орнымнан тұрып: «Адамды сырт келбетіне қарап бағалама»,- деп жауап қайтардым. Себебі, мен үшін өзің құрметтейтін азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс.  Ел азаматтарының ағылшын және қытай тілінде сөйлейтін жандарды көрсе таң қалмай, ал Қазақстанда туып, өскен  өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлесе таң қалатыны бар. Біз бұл әдеттен арылып, бәріміз  мемлекеттік тілде сөйлеуіміз қажет», - деді Анель Пимичева.


Іс-шараға Қазақстанда ММА қозғалысының негізін қалаған боксшы Анатолий Ким қатысқан болатын.
«Бізге Қазақ тілі бір көзден ақпарат алу үшін қажет.  Мемлекеттік тілді насихаттау жеткіліксіз, азаматтардың тіл білуге деген құлшынысын, талпынысын оятып, қызығушылығын арттыру қажет. Тіл білмейтін жандарды сынамай, керісінше үйрету қажет. Орыс тілінің маңыздылығын да ескерген жөн. Біздің орыс тілін меңгергендіміз де үлкен жетістік. Орыс тілінде сөйлейтін азаматтарға айтарым: «Қазақ тілін меңгеру керек, елің сүйетін азамат мемлекеттік тілді құрметтеуі тиіс». Мен қазақ тілін үйрене бастадым, себебі бұл тіл - мен өмір сүріп жатқан елдің тілі.  Тіл үйренушілерге барынша қолдау көрсету керек. Тілдің арқасында біз біртұтас мемлекет бола аламыз»,  -  деді тіл жанашыры.


Конференция қатысушылары мемлекеттік тілді насихаттау қажеттігін жеткізіп, мектепке дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілінде сабақ өткізуді, әлеуметтік желілерде қазақ тілін қолдануды, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді, жастар арасында қазақ тілінде байқаулар өткізуді, карантин кезінде қазақ тілін үйренуді, қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде сөйлеуді, ең бастысы қазақ тілін білмейтін азаматтарды  сынамай, оларға қолдау көрсетуді ұсынды.