Chania
447
28.05.2020
Қалқаман ЖАҚЫП: «Тарихтан тағылым – тәубеге жол ашады»

 Өткен ғасыр қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіреттерді, «екінші ақтабан шұбырындыны» кешу ғасыры болды. Тарих қатпарларында қаншама жазықсыз төгілген көз жас пен аққан қан қалды. Кеңес өкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен Қазақ жерінде бір емес үш бірдей ашаршылық болды. Халық қамын жеген саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары, автономиялық республика құрушыларды бір сөзбен айтқанда ұлт қаймағынан сескенген Кеңес өкіметі жаппай қудалауды бастады. Бұл тарихта қанмен жазылып қалған.


1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға, «асыра сілтеу болмасын аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жаппай ұжымдастыру мемлекеттің жоспарын шамадан артық орындау мақсатының нәтижесі халықты аштыққа ұшыратты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.


Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Осылайша «халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапония тыңшылары» және т.б. желеулермен қазақтың бас көтерген зиялыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды. Тіпті, Л.И.Мирзоян Сталиннің бұйрығымен жазықсыз атылғандар санын қолдан мейлінше арттыруға тырысты. 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып оның 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдерді қамады. Бұл лагерь «Алжир» деген атпен тарих беттерінде қалды.


Бұл жерде "отанына опасыздық жасағандардың" әйелдері қамалды. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. "АЛЖИР" лагері 30 га жерді алып жатты. Оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған.
Міне, осының салдарынан ұлт зиялылары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұханмедов, Жаһанша Досмұханмедов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер сталиндік саясаттың құрбанына айналып, атылып кетті...


ХХ ғасыр басында қазақ халқының саны ХХ ғасырдың ортасындағыдан 2 есе көп болды. 1872 статистикалық есеп бойынша қазақ даласында 5 миллионнан аса халық болған екен. 1910 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың «6 миллион қазақпыз» деп өлеңінде келтіруінің өзі 40 жыл ішінде қазақтардың саны тағы шамамен 1 миллионға көбейгенін білдіреді емес пе? Ал 1939 жылғы санақта қазақтар 2 миллион 300 мың болды. Яғни екі есе азайды. 1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, тосыннан келеген жұт, 1919-1922 жылдардар аралығында бірінші аштықтың тууына себепкер болды. Мұның салдарынан 1,5 млн адам қайтыс болды. Ол көбінесе елдің оңтүстік аймақтарын қамтыды, нақ осы және басқа да деңгейде Қазақстанның барлық тұрғындары да зардап шекті.


Екінші ашаршылық Голощекиннің сталиндік тапсырманы жоспардан тыс асырып орындауының салдарынан туындады. Мысалы, бір Павлодар өңірінде орталықтан астық дайындау көлемін жыл сайын ұлғайтып отыруға нұсқау беріліп тұрған. Мәселен, 1929-1930 жылдары округ үшін жоспар 2 млн. 300 мың пұт делінсе, 1930-1931 жылдары бұл мөлшер екі есе ұлғайтылып, 7 млн. 750 мың пұтқа жеткізілген.
Әртүрлі мәліметтер бойынша, 1930 жылдарда 1,5 миллионнан 2,5 миллион адамға дейін шығын болды. Ал үшінші ашаршылық соғыстан кейінгі еліміздегі экономикалық ахуалдарға байланысты туындады. Бірақ та, бұл ашаршылық сол жылдары халықтан жасырын түрде ұстады. Осылайша қазақтар іс жүзінде 15–20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылған.


Осы 1921 және 1922 жылдардағы ашаршылық туралы Ілияс Жансүгіровтің жазған «Жұт» деген поэмасы бар. Осы уақытқа дейін соның жұрнағы ғана жеткен, толық мәтіні еш жерде жоқ. Ол онда былай деп суреттейді:
Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.
Өз баласын өзі үйітіп, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр. 
Міне, осы өлең жолдарынан оқығанда көзіңе еріксіз жас келеді.


Сол себепті қуғын-сүргін құрбандарын еске алғанда, ашаршлықы құрбандарын да айта кеткне жөн.
2017 жылдың 30 мамырында Қызылорда қаласныда өткен жиында былай деп едім. Қуғын-сүргіннен көптеген ұлт зардап шекті, Қазақстанға жер аударылып келді. Бірақ, қазақ сияқты өз жерінде тұрып, жер аударылып, запа шеккен халық жоқ. Оларды қоныстанған құнарлы жерінен көшіріп, зар қақсатып жіберген. Бұл да тарихи шындық. Жалпы бұл жылдары Қазақстанға
Осы қасіретті жылдардың Қостанай жеріндегі үзіндісінен кішкене дерек келтіре кетйін. Саяси қуғын-сүргін салдарынан бұл өлкеде 1294 адам жазықсыз жазаланып атылған. Соның ішінде 28 ұлттың өкілі болды. Олардың қатарында 467 қазақ, 362 орыс, 185 украин, 19 кәріс, 57 неміс болыпты. Жазықсыз атылғанның ең жасы 19 жаста, үлкені 72 жаста. Оның 61-нің жоры білімі, 468-де орта білі, 515-де бастауыш білім болған. Ал 250 адам сауатсыз болған.
Өткен ғасырдағы айтулы үш оқиға: ол 1905 жылы Қарқарылдағы Ахмет Байтұрсынұлының петициясы, 1916 жылыы Ұлт азаттық көтерілісі және 1917 жылы Алаш үкіметінің құрылуы. Міне, тарихта ерекше орны бар айтулы үш оқиға. Қазақ осы сәттерден бастауын алып, бас көтерген.


Міне, осы оқиғалар туралы жыл сайын айтып, жазып келеміз. Бұл – өте орынды. Дегенмен, қасіретті жылдар жайлы көптеп кино түсіріп, жастарға насихаттаса екен деймін. Өйткені, көзбен көрген нәрсе тез қабылданады. Білім ошақтарында, кинотеатрларда «Алжир», «Тар заман» сынды тарихи киноларды көрсету керек, оған жастарды шақыру керек. Барынша іс жүзінде насихаттап, көрсеткен дұрыс. Осыдан үш жыл бұрын жергілікті билік «Алаш алаңын» ашу туралы идеямды қолдап еді, сол алаң ашылады деген сенімім мол. Ол күнде алыс емес. Тағы бір мәселе Қостанайда Міржақып Дулатов атындағы көше бар, сол көшеге Міржақыптың ескерткішін қойса деп едім. Әйтпесе, аты бар, заты жоқ. Тағы да бір айтатын нәрсе, ол қуғын-сүргін құрбандарына арнап неге музей салмасқа? Олай дейтін себебім, қазіргі қоғамда ысырапшылдық, астамшылық көбейіп барады. Бір түйір нанға зар болған тар заманды жиі еске алып тұрса, бүгінгідей тәкаппарлық тыйыла ма деп ойлаймын. Осы ұсыныстарымды қолдар адам болса, мен көмектесуге әзірмін. Мәдениет, тіл және ішкі саясат басқарамалары бірігіп қолға алса, шешімін табатын шаруа.


Өткен жылы ауданға Бейімбет Майлин есімі берілід. Қандай жарасымды дүние болды. Сондай игі істер жалғасны табу керек. Себебі Алаш арыстары бүгінгі бейбіт күннің құрбаны. Солардың арқасныда тәуелсіз ел болып отырмыз.  
Дегенмен, бүінгі бейбіт күннің қадірін білген абзал. Ұлт тарихына қоғамдық келісімнің, халық бірлігінің негізі ретінде айрықша мән берілген, рухани жаңғыруды алға мақсат етіп қойған қазіргі таңда  бізге осы жағдайды мейлінше тиімді етіп пайдалану ләзім. Қаралы тарихтың көлегейленген қыртыстарын түгел ақтарып, әділ саралауға кедергі жасалмауға тиіс. Әділ сараланған қаралы тарихты жұртшылыққа ұтымды тәсілдермен үзбей жеткізіп отыру маңызды. Бұл әркімнің өзін өзі тарихпен тәрбиелеуіне көмектеседі. Азаматтарды шыншыл, әділ тарих арқылы тәрбиелеу – ел бірлігін арттыра берудің, отаншылдық сезімді нығайта түсудің, сондай-ақ қазіргі таңда қызу қолға алынып жатқан қоғамдық сананы батыл жаңартудың ең сенімді жолы.