Chania
396
15.04.2020
Тұтастықтың тірегі – тіл бірлігі

Бір тудың астында күн кешкен халықтың біртұтас ұлт болып қалыптасуы үшін мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне лайық болғаны ләзім. Тұрақтылыққа сына қағылып, тұтастыққа сызат түсіретін кез келген сын сағатта мемлекеттік тіл мәселесі төбе көрсетеді.

Биыл ел-жұртты алаңдатқан Қордайдағы қақтығыста елдігіміз бен бірлігіміз сыналғаны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір сұх­батында осы оқиғаға қатысты сауалға бер­ген жауабында ұлтаралық келісімді күшейту­дегі мемлекеттік тілдің маңызына тоқталды.

«Осы жерде тұрып жатқан халық, этностық топтар шындап келгенде бір ұлт болып саналады. Шетелде бізді қазақтар деп біледі. Өйт­кені біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөз­бен астасып жатыр. Әрине, Қазақстанда тұрақ­ты өмір сүріп жатқан әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтіру жайында сөз де болмауы тиіс. Олардың бәрі өздерінің тіл­дерін оқып, қолдануға, мәдениеттерін да­мы­тып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқы бар және солай болып қала береді. Бұған қоса қазақ тілі де жедел дамуы қажет. Қазақ тілі бола­шақ­та шын мәніндегі ұлтаралық байланыс тіліне айналуы керек», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің бұл пікірін еліміздегі барлық этнос өкілі қолдап, кейбір отандастарымыз бастама көтеріп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге сүбелі үлестерін қосып жатыр. Соның бір айғағы – қазақ тілі мәселесіне бейжай қарамайтын Максим Рожин, Геннадий Шиповских, Максим Споткай, Николай Энелане, Руслан Рақымжан, Әсел Әлімханова, Әскер Приев сияқты азаматтар арнайы алаң құрып, мемлекеттік тілді үйренудің тиімді әдістерін ұсынатын бастаманы қолға алды.

Журналист, фотограф, қоғам белсендісі Максим Рожин қазақ тілінің дамып, лайық­ты деңгейіне көтерілуі үшін қазақ тілін үйрете­тіндерді, үйренгісі келетіндерді, қазақша білетіндерді – бәрін бір ортаға бірігуге шақырды. Сөйтіп Facebook желісінде «Қазақ тілі мәселесін бірге шешеміз» деген топ құрылды. Мұндағы мақсат – Волонтер жылында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосу, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге қоғам болып ерікті түрде көмектесу.

Бұл бастамаға тіл үйретудің нақты әдіс-тәсілдерін ұсынып жүрген Владимир Тен, Қанат Тасыбеков сияқты белсенділер қолдау көрсетіп, қолынан келген көмектерін көрсетуге дайын екендерін білдірді.

– Мемлекеттік тілді үйрету үшін нақты әсері болатын экожүйені қалыптастыру қажет. Экожүйе жігерлі жігіттердің күшімен, айталық, Қанат Тасыбеков, Владислав Тен және тағы басқа азаматтардың тиімді оқыту тәжірибесі бойынша жүзеге асырылады. Үйренгісі, үйреткісі келетін кез келген азамат хабарласуына болады. Бастаманың мәні қарапайым ғана – кім тілді үйренгісі келеді, соған кеңеспен, әдіспен, сөзбен, іспен көмектесу. Тіл үйренуге талаптанғандардың акцентіне күлмей, қолдау көрсету керек, – дейді Максим Рожин.

Бастамашыл топ әуелі әлеуметтік желіде сауалдама жүргізіп, респонденттерден қазақ тілін үйренгісі келе ме, бұған не кедергі келтіретінін, қандай қиындықтарға тап болатынын сұрады. Бұл тіл үйренудегі мәселелерді бағамдап, ары қарайғы дамыту бағытын анықтауға септігін тигізеді.

Сонымен қатар сауалдамаларға қатыс­қан­дарға «Қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтарға деген көзқарасыңыз қандай?» деген сұрақ қойылып, олардың 44%-ы тіл үйренудің қиыншылықтарына қарамастан ерік-жігер танытқандарға оң бағасын берді. Ал 43%-ы тіл үйренушілерге қолдан келгенше көмек беруге дайын екендерін жеткізді. Сондай-ақ респонденттердің 40%-ы қазақ тіліне сұранысты арттыру керек деп санайды.

Максим Рожин мемлекеттік тілді ұлтара­лық тілге айналдыру арқылы халықтың бірлігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы қордаланған біраз мәселенінің түйінін тарқатуға болатынын алға тартты.

– Адамдар бір-бірімен ортақ тілде сөйлескенде ғана жақсы түсініседі. Мен Қазақстанның кез келген тұсына барып, ойымды орысша болмаса да, қазақша еркін жет­кізе аламын. Кейбіреулер тіл білгеннің қан­­дай да бір пайдасы болуы керек деп санай­ды. Ай­талық, қызмет бабында көтерілуге ық­пал ете­ді деген түсінік бар. Ірі компания­лар қазақ тілін білуді міндеттеп қойса да, мем­ле­кет­тік тілге бас пайдаңды көздейтін басқа көз­қа­­рас қа­лыптаспауы керек. Қоғамның тұрақ­ты­­лы­ғы мен тұтастығы үшін мемлекеттік тілге деген жауапкершіліктің маңызы зор. Осы­­­ны шынайы сезініп, қазақ тілін үйренгісі ке­ле­тін­­дерге кедергі келтірмеген жөн, – дейді ол.

Парламент Мәжілісінің депутаты Генна­дий Шиповских қазіргі кезде қазақ тіліндегі са­палы әрі жөні түзу контенттердің жетіс­пей­­тінін, бұған телеарналарды, әлеуметтік желі­­лерді, тіпті Youtube арналарын бір шолып шық­қанда көз жеткізетінімізді атап өтті. Сон­­дықт­ан депутат ертең жаңа буын шала тіл­­мен тәр­бие­леніп шықпауы үшін әрбір ұсақ-тү­йек­к­е дейін баса мән беру керек екенін жөн көреді.

Ілкімді бастамаға тіл үйретудің әдіс-тәсілін білетін тәжірибелі мамандардың белсенді қолдау білдіргені сөзден нақты іске көшкенді аңғартты. Танымал тіл мамандары Қанат Тасыбеков пен Владислав Тен бірлесіп, «Квадрат ішінде» деп аталатын жаңа әдістеме ұсынды. Тен оқушыға грамматика мен теория­ны түсіндірсе, Тасыбеков тіл үйренушілерге білген-түйгендерін қазақы ортада дамытып, дағдылануға көмектеседі. Осы бірлестіктің нәтижесінде елордада «Мәміле-Тен» клубы құрылды.

Қазақ тілін жүре келе үйренген, «Ситуативный казахский» әдістемелік құралын шығарған Қанат Тасыбековтің «Мәміле» лингвистикалық жобасы былтыр Тұңғыш Президент қорының әлеумет­тік идеялар мен жобалар конкурсында жеңімпаз атанған. Тілді ұлттық менталитет, ерекшелікті ескере отырып үйретуді басшылыққа алатын жоба авторы «мәміле» деген «келісім, өзара түсіністік» мағынасын ашатынын, өз әдістемесі арқылы қоғамды екіге бөліп тұрған қазақ тілді орта мен орыс тілді ортаны жақындастыруды көздейтінін атап өтті.

Қанат Тасыбековтің айтуынша, қазіргі біздің қоғамның басты проблемасы – сөйлеу тіліне қарай екі түрлі көзқарастағы ортаның қа­лыптасқаны. Сондықтан бір идеяның төңі­регінде топтасқан азаматтардың көксегені – ең алдымен, елдің тұтастығы, халықтың бірлігі.

Бірнеше тілді меңгерген Владислав Теннің Қазақстанға қоныс аударғанына көп жыл бола қоймаған. Ташкент қаласының тумасы өзбек, ағылшын, түрік және корей тілдерінде сөйлейді. Нұр-Сұлтан қаласына келгелі қазақ тілін үйренуге ден қойған. Ал орыс тілін өзінің ана тілі ретінде санайды. Себебі корей тілін кейін келе шет тілі сияқты үйренген. Сол себептен ол қазақ тілін үйретудегі өзінің әдістемесін шет тілін тез үйрететін тәжірибеге сүйеніп жасалғанын айтады.

– Қазақстанда тұрғандықтан, мемлекеттік тілді білу міндетім деп қарадым. Өйткені туған жерім Өзбекстанда өзбек тіліне өз тілімдей көзқарас қалыптасты. Мұнда келгелі де осындай жауапкершілікті сезініп, бірден қазақ тілін меңгеруді қолға алдым. Өзбек, түрік тілдерін білгендіктен, бұл маған аса қиын­ға соға қоймады. Сол сияқты барлық түркі тілдерінде толық сөйлеп кетпесем де, түсіне аламын. Өзім орыс тілді корей бол­ғандықтан, орыс тілді қазақтардың басын­дағы күйді жақсы түсінемін. Сондықтан тіл үйренудегі тәжірибеммен бөлісіп, талаптанған азаматтарға көмектескім келді, – дейді Владислав Тен.

Осылайша еліміздегі түрлі этнос өкілдері қазақ тіліне деген құрметін үйреніп қана қоймай, өзгелерге үйретуге де жарап, ізгіліктің үздік үлгісін көрсетіп жатыр. Тілге көзқарастың елге көзқарас екені уақыт өткен сайын айқындалып, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етер үдерістің жүріп жатқаны қуантады. Тіл бірлігінің ел ішін жарастырып, тірлігіміздің тату-тәтті, баянды болмағына қызмет ететіні сөзсіз.