Chania
388
05.02.2020
Ғұлама ойшылдың еңбектері насихатталды

Қостанайда атақты философ, ғұлама ғалым Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған онлайн-конференция ұйымдастырылды. 

Аталмыш іс-шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты және Ш. Қабылбаев атындағы Академияның қолдауымен іске асырды. Smart-орталықта өткен конференцияда философия және тарих профессорлары, шығыстанушылар, дінтанушылар және мәдениеттанушылар баяндама оқып, студенттердің білімін толықтырды.

«Біртуар тұлға – Әл-Фарабидің еңбектері өміршең, қай заманда да өзекті. Жаңа технологиялардың арқасында конференция онлайн режимінде өтті, ғасырлар бойы жинақталған даналық пен заманауи технологиялар бір арнаға тоғысты. Біз Әл-Фарабидің жаңа қырларын таныдық. Ғалымның еңбектері әлі талай зерттеуді қажет етеді», - дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Әлімжан Бекмағамбетов.

 «Әл-Фарабиді  ұлы философ Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз»  деп бекер атамайды, оның мұрасы - сарқылмайтын қайнар бұлақ. Оның Музыка туралы кітабының мазмұны терең, ол тамаша музыкант болған және музыкалық аспаптар жасаған. Ол өз ғұмырында 170-тен астам еңбек жазып қалдырған. Өкінішке орай, олардың санаулысы ғана қазақ және орыс тілдеріне аударылған», - дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, философия ғылымдарының докторы Қалимаш Бегалинова.

«Конференция қорытындысы бойынша студенттер  Әл-Фарабидің даналық ой-пікірлерімен бөлісу мақсатында «мудрый челлендж» өткізуді ұсынды. Челленджге Әл-Фарабидің қанатты сөздерін білетін кез келген адам қатыса алады. Ол үшін бейнежазба түсіріп, #мудрыйчеллендж хэш-тэгін қойып, Достық Үйінің @assambly_kst  аккаунтын белгілеп, эстафетаны өзге адамға тапсыруға болады.