Chania
475
27.01.2020
Әулиекөл ауданындағы Еріктілер өз жұмысын бастады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты Әулиекөл ауданындағы мектеп жанынан құрылған интернаттың акт залында Еріктілер жылының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Іс-шараға аудан әкімі Ерлан Теменов, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Аққожина Бибігүл Бүркітқызы, күрес бойынша әлем чемпионы, Қостанай қалалық Қ. Оспанов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған №1 спорт мектебінің директоры  Нұржан Ермағамбетов қатысты.

Іс-шараның құрметті қонақтары оқушыларды  еріктілердің қызметімен таныстырды.  Оларды аудандағы қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысуға, қарт адамдарға көмек көрсетуге, әлеуметтік маңызды жобалармен айналысуға,  өздерін жетілдіруге, бой түзеп, өсіп келе жатқан бүлдіршіндерге жарқын үлгі болуға үндеді.

Жастар ресурстық орталығының «ЖасStar», № 121 Құсмұрын орта мектебінің, «Содружество-121», Тимофеев орта мектебінің  «Болашақ TIM» және Әулиекөл ауыл шаруашылық колледжінің «Надежда» еріктілер жасақтары өткізген қайырымдылық акциялары, концерттері, челлендждері туралы баяндап, қарт адамдарды, көмекке мұқтаж жандарды әрдайым қолдаудан аянбайтындықтарын жеткізді. Сонымен қатар, жыл бойы игі іс-шаралар  ұйымдастырып, белсенді жастарды еңбекке тартуға, көмекке зәру жандарды қолдауға, экологиялық акциялар мен қоғамдық сенбіліктерге қатысуға уәде беріп, аудан жастарын  туған жерді өркендетуге шақырды.

Іс-шара барысында жас дарындар авторлық өлеңдерін мәнерлеп оқып,  әуелете ән салды.

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Аққожина Бибігүл Бүркітқызы  аудан әкімі Ерлан Теменовке «Елбасы және халық» кітабын табыс етіп, алға қойылған барлық мақсаттар мен міндеттердің жүзеге асуын тіледі.

Іс-шараның реми бөлімі еріктілерге арналған танымдық тренингтермен, ойындармен жалғасты, мейірімділікке жаны құмар жастар шешендік өнерлерін, тапқырлықтарын, әртістік қабілеттерін танытты.