Қостанай облысы Ақсақалдар кеңесі
1. Жалпы ережелер
1. Қостанай облысының Ақсақалдар кеңесі туралы осы үлгілік ереже (бұдан әрі - Үлгілік ереже) Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңестерінің қызметін ұйымдастыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
2. Қостанай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
4. Кеңес облыстың қалалары мен аудандарында, қажет болған жағдайда ауылдық округтер мен ауылдарда – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдіктерінің жанынан құрылады.
5. Кеңестің құрамы жергілікті қоғамдастықтардың тұрғындары, қоғамдық, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді өкілдері, сондай-ақ қоғамдық пікірдің басқа да көшбасшылары қатарынан құрастырылады.
6. Облыстық Кеңестің құрамын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі, қалалар, аудандар, ауылдық округтер мен ауылдар деңгейінде - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдіктері бекітеді.
7. Кеңес Төрағасын Кеңес мүшелері өз отырысында сайлайды. Кеңестің Төрағасы болып беделді қоғам қайраткері немесе белсенді қоғамдық-саяси ұстанымы бар адам сайлана алады.
8. Кеңестің мүшесі облыс, қала және аудан, ауылдық округ немесе ауыл шегінде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы бола алады.
2. Кеңес міндеттері
9. Кеңестің негізгі міндеттері:
- мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу;
- азаматтар, мемлекеттік және қоғамдық институттар арасындағы сындарлы коммуникациялар мен өзара іс-қимылды нығайту;
- жастар арасында патриотизм идеяларын ілгерілету және патриоттық тәрбие беру;
- мемлекеттік органдарға әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға, оларды шешуге, сондай-ақ оларды жанжалдан кейінгі реттеуге жәрдемдесу;
- этномедитацияны жүзеге асыруға, қоғамдық келісімді нығайту мәселелері бойынша диалогты ұйымдастыруға жәрдемдесу және тікелей қатысу;
- жастар арасында тәлімгерлік практикасын енгізу және жетілдіру, қоғамды біріктіру ісінде жастар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау;
- халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде білім мен тәжірибені беру.
3. Кеңестің өкілеттіктері
10. Кеңестің өкілеттіктері
1) қоғамдық және тұрмыстық мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті қоғамдастықтардың бірлескен шешімдерін іздеу және сұрақтар қою;
2) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қоғамдық ұйымдарда жергілікті қоғамдастықтардың мүдделерін ұсыну;
3) заңдылықты сақтау, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жергілікті қоғамдастықтар мен азаматтардың мемлекеттік, құқық қорғау, білім беру және өзге де органдардың (ұйымдардың) өкілдерімен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
4) қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелерді шешу бойынша азаматтарға консультациялық көмек көрсетуді ұйымдастыру;
5) мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі және шоғырландырушы негіз ретінде ілгерілетуге, Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға жәрдемдесу;
6) жергілікті қоғамдастықтар аумағында қоғамдық бастамаларды, оның ішінде қайырымдылық, еріктілік, қоғамдық бақылау, жастар қозғалыстарын дамытуға жәрдемдесу;
7) мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен әлеуметтік, этносаралық ахуалдың шиеленісуіне жедел әрекет ету, этникалық негіздегі жанжалдарға айналуға қабілетті қақтығыстарды шешу жөніндегі бірлескен жұмысқа қатысу;
8) қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелер бойынша азаматтардың өтініштерін қарастыруды ұйымдастыру;
9) бірлікті және келісімді нығайту мәселелері бойынша халықпен, еңбек ұжымдарымен және т. б. кездесулер өткізу;
10) әлеуметтік желілерде және өзге де ғаламтор-ресурстарда қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша посттар мен ақпараттық материалдарды жариялау;
11) республикалық және (немесе) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар (материалдар) жариялау және Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша теледидарда немесе радиода сөз сөйлеу;
12) кеңестің міндеттеріне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсынымдар енгізу.