Chania
394
29.09.2020
Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің 2020 жылдың 3 тоқсанында атқарған жұмысы туралы ақпарат

2020 жылдың 3 тоқсанында Қостанай облысында 233 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасауда (облыстық - 1, қалалық, аудандық - 20, ауылдық – 210, ірі кәсіпорындарда – 2 («ССТКӨБ» АҚ, Рудный қаласындағы «Қостанай минералдары» АҚ).

2020 жылдың үшінші тоқсанында Қостанай облысының Қоғамдық келісім кеңестері карантин жағдайында 184 онлайн іс-шара өткізді. Іс-шараларға 3409-дан астам адам қатысты.

Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында ақпараттық-танымдық, идеологиялық, мәдени-ағартушылық сипаттағы іс-шаралар (онлайн) кешені әзірленді.

Мәселен, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесі қалалық және аудандық Қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдерімен онлайн-кездесулер ұйымдастыруға бастамашы болды.

Ағымдағы жылдың 10 шілдесінде Меңдіқара аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Козлова Н.И. инстаграм әлеуметтік желісі арқылы барша қауымды аудандық кеңестің жұмысымен таныстырды. Кеңес мүшелері мен жергілікті кәсіпкерлердің арқасында еліміздегі төтенше жағдай кезінде дүние-мүлкі өртке оранған азаматтарға материалдық көмек көрсетілді, мұқтаж жандар азық-түлікпен қамтамасыз етілді, жетім қызға пәтер сатып алынды.

Қостанай қаласының Қоғамдық келісім кеңесі «Қостанай облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ-мен және Қостанай облысы бойынша «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» ҚБ-мен бірлесіп, әлеуметтік көмекке душар жандарға және қарт адамдарға (зейнеткерлерге) материалдық көмек (азық-түлік жиынтықтарын табыстау арқылы) көрсетті. Сондай-ақ, Қостанай облыстық орыс драма театрының қолдауымен қала тұрғындарына 100-ден астам бетперде таратылды.

Б. Майлин аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері індеттің таралуына жол бермеу мақсатында құрылған аймақтық жедел штабтың және мониторингтік топтың өкілдерімен белсенді түрде жұмыс істейді. Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына әсер ететін жағдайларды бақылайтын жұмыс тобының құрамына кіреді. Төтенше жағдай кезеңінде ауданның ауылдық округтері мен елді мекендеріндегі 60-тан астам мекемеге тексеріс жүргізілді. Мониторинг барысында азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының өсімі анықталған жоқ, санитарлық ережелер сақталуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуын табуда.

Б. Майлин аудандық Қоғамдық келісім кеңесі «Nur Otan» партиясымен, мекемелермен, ұйымдармен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірлесіп, «Біз біргеміз» атты жалпықазақстандық қайырымдылық акциясы аясында көмекке мұқтаж жандарды, жалғызбасты қарияларды, аудандағы көпбалалы жанұяларды азық-түлік жиынтықтарымен және коронавирус індетінің алдын алуға арналған медициналық бетперделермен, гигиеналық құралдармен қамтамасыз етті. Игі іс нәтижесінде 826-дан астам азаматқа көмек көрсетілді, Қайырымдылық көмекке 9 млн 869 мың теңге жұмсалды. Іс-шараның басты мақсаты – қиын кезеңдерде көмекке мұқтаж жандарды, көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды, аға буын өкілдерін қолдау, азаматтарға патриоттық тәрбие беру. 

Амангелді аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері ауданда індеттің алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатында мекемелер мен сауда орталықтарына барып, азаматтарға коронавирустың алдын алуға бағытталған шаралар туралы ақпаратты қамтитын жадынамалар таратты. #Bizbirgemiz акциясы аясында карантин кезінде сақтық шараларын қолдану қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 1000 бетперде таратылды. Сонымен қатар, аудан еріктілерімен бірлестікте «Жақсылық жаса» атты акция іске асырылды. Іс-шара аясында оқшауланған қарт адамдарға дәрі-дәрмектер жеткізілді. Амангелді аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің және Аналар кеңесінің мүшелері «Сатыбалды Ишан» мешітінің жанынан салынып жатқан «Хатымхана» құрылысына 215 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.

Ұзынкөл аудандық Қоғамдық келісім кеңестері «Біз біргеміз» акциясына қатысып, көмекке мұқтаж жандарды, жанұяларды көп реттік бетперделермен қамтамасыз етіп отырды. Қайырымдылық көмекке 94 150 теңге жұмсалды.

Пандемия жағдайында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен медициналық құралдар бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында Алтынсарин аудандық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері індеттің таралуына жол бермеу үшін құрылған мониторингтік топпен бірлесіп, Обаған және Силантьев ауылдарындағы азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды аралады. Науырзым аудандық ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері  34-тен астам мекемеге тексеріс жүргізді. Мониторинг барысында азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының өсімі анықталған жоқ, санитарлық ережелер сақталуда.

Қоғамдық келісім кеңесі өкілдерінің қатысуымен Меңдіқара ауданының азаматтары үшін еліміздегі төтенше жағдай кезінде табыс көзінен айырылған жандарға МӘСҚ-нан «42500» теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем жүргізу тәртібі түсіндірілді, іс-шара барысында 310 өтінім рәсімделді. Аудандағы еріктілердің көмегімен 110 жанұяға 110 қап картоп тегін таратылды.

Арқалық қалалық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің, «Қарқын» ЖШС, «Возрождение» ЖШС көмегінің арқасында Арқалық аймақтық ауруханасына азық-түлік, кезекшіліктегі медициналық қызметкерлерге арналған жеке гигиеналық құралдар, штативтер, оттегі баллондарын тасымалдауға арналған арбалар мен 200 оттегі баллоны жеткізілді.

Қазақстандағы «Абай күні!» атты жаңа мерекеге орай онлайн режимде құттықтау айдары жарық көрді,  іс-шара аясында облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі А.И. Суслова облыс тұрғындарын мерекемен құттықтап,  Абай мұрасының тарихи аспектілеріне тоқталды. «Абай туындылары - отансүйгіш, еңбекқор, парасатты ұрпақты тәрбиелеудің негізі» екендігін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында облыстық Қоғамдық келісім кеңесі қала тұрғындарының  Конституция туралы білімдерін тексеру мақсатында халықтық сұхбат  өткізді.

Респонденттердің басым көпшілігі (77,8%) Конституцияның мазмұнымен таныс және Ата Заңда белгіленген өз құқықтарын біледі, қала тұрғындарының 22,3%-ы сұрақтарға жауап беруге қиналды.

3-тоқсан аралығында барлық деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестері 128 өтініш қабылдады. Көпбалалы жанұяларды тұрғын үймен қамту, жол салу, газ тарту, көшелерді жарықтандыру, аялдамалар салу, ауыз сумен қамсыздандыру бойынша 13 (10,2%), көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен жанұяларға материалдық, әлеуметтік көмек көрсету, аймақтарды абаттандыру, көше кезген иттерді аулау, елді мекендерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 40 (31,3%), аға буын өкілдеріне көмек көрсету, үйі өртенген азаматтарға жөндеу жұмыстарына қаражат жинау (қайырымдылық таныту) бойынша 75 (58%) өтініш қаралды, барлық мәселелердің шешімі табылды.

Жоғарыда келтірілген мәліметтер негізінде «Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері қоғамдағы жағдайларға бейжай қарамайды, төтенше жағдай (пандемия) кезінде бар білімдері мен күш-жігерлерін аямай, әрбір іске асқан жауапкершілікпен қарап, адамгершілік қасиеттерін танытып, мұқтаж жандарға әрдайым көмектесуге дайын және кез келген қиындыққа төтеп беруге әзір» деген қорытынды шығаруға болады.