Chania
399
01.10.2020
Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының 2020 жылдың 3 тоқсанында атқарған жұмысы туралы ақпарат

2020 жылдың 3 тоқсаны сәтінде Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының құрамы - 28 адам, оның ішінде: ғылым докторлары - 7, ғылым кандидаттары - 16, магистрлер – 4.

Ағымдағы жылдың 3 тоқсанында Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері 800 адамды қамтыған сан түрлі форматтағы 5 іс-шара өткізді.

Карантин жағдайында ғылыми-сараптамалық топтың этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жұмысы онлайн форматта өтті.

Қостанай облыстық ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туылған күні, яғни 10 тамызда ғұлама ойшылдың 175 жылдығына арналған «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты онлайн-конференцияның ұйымдастырылуына атсалысты. ZOOM платформасында  өткен іс-шара барысында Қостанай облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Кадралинова Мәрияш, Абай мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының (Семей қаласы) ғылыми қызметкері Гүлназ Бейсенбинова  және Челябі облысы Халықтар Достығы Үйінің жанындағы «Жақсылық» облыстық қазақ мәдени ұлттық орталығының төрайымы Юлит Ысқаққызы Байдулетова сынды спикерлер Абайды танытуға, оның еңбектерін насихаттауға арналған баяндамаларын оқыды.

Онлайн-іс-шараның басында қатысушылар Абай Құнанбайұлының өмір жолынан хабар беріп, ұлы ақынның ең танымал туындыларын оқыды. Сонымен қатар, іс-шараға Ресейдің Оңтүстік Оралынан қосылған қатысушылар Абай Құнанбайұлының шығармашылығына деген қызығушылықтарын жеткізді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 28 тамызында ZOOM платформасында «Қазақстан Республикасының Конституциясы- құқық үстемдігі, адамзаттық құндылық, мемлекеттің табысты дамуының кепілі» атты онлайн-конференция  өткізілді. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Конференцияға Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы консультативтік-кеңестік органдарының, Қостанай облыстық сотының өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, орта арнайы және жоғары оқу орындарының студенттері, облыс мектептерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Қостанай облыстық сотының судьясы Г.З. Артықбаева, ҚХОА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің жанындағы Экономика және құқық институтының директоры Ә. Н. Табұлденов,  ҚХОА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ Қазақстан тарихы және философия кафедрасының доценті Д.А. Качеев,  Қостанай облысы бойынша «Жаңғыру жолы» РЖҚ-ның мүшесі Ж. М. Дюсембаева, Қостанай жоғары медициналық колледжі «Фармация» мамандығының 2 курс студенті Е.Н. Назарец Негізгі Заңның қабылдану тарихына, ҚР азаматтарының құқықтары мен міндеттеріне тоқталып, қазақстандық заң шығарушылар мемлекеттің табысты дамуының құқықтық базасын қалыптастырғанын жеткізді. Онлайн іс-шара аясында әлеуметтік желілер арқылы спикерлерге адамның намысына нұқсан келтірілген жағдайда қабылданатын шаралар және т.б. мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Спикерлер азаматтардың барлық сұрақтарына толықанды жауап қайтарды.

Ғылыми-сараптамалық топ мүшелері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ұйымдастырылатын іс-шараларға әрдайым қатысады. Теледидар, баспа және электронды БАҚ арқылы түсіндірме жұмыстар жүргізеді, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі идеологияларын таратуға, тұрақтылық, бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауға арналған сұхбаттық алаңдардың спикерлері ретінде шақыртылады. Облыстық және қалалық газеттерге этносаралық қатынасты нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына арналған материалдары мен діни тақырыптарға арналған мақалаларын үнемі жариялайды.