Chania
495
30.03.2020
Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы Медиация кеңесінің 2020 жылдың 1 тоқсанында атқарған жұмысы туралы ақпарат

Қазақстанда медиация институты 2011 жылы заңмен бекітіліп, қолданысқа ене бастаған. Қазақстан халқы Ассамблеясының медиацияны дамытудағы рөлі өте зор. Қазақстан халқы Ассамблеясы  қызметінің қоғамдық келісімді қамтамасыз ету міндеті Медиация институтының міндеттерімен тікелей байланысты, сондықтан Ассамблеяның бұл бағыттағы тиімді қызметі қазақстандық қоғамда сөзсіз сұранысқа ие.

Бұл ретте, медиацияны кеңінен насихаттау, азаматтарға медиацияны  өмірдің түрлі салаларында туындайтын дау-дамайлардың барлық түрлерін бейбіт жолмен реттеудің тәсілі ретінде таныту, Қазақстанда медиативтік рәсімдерді дамыту өте маңызды. Бұл міндеттер Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевпен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі аясында медиацияны қолдау және ілгерілету үшін белгіленген болатын.

 Бүгінгі таңда Қостанай облысында 1 медиация кабинеті, Қамысты ауданында 1 медиация кабинеті қызмет атқарады, сот ұйымдарында, әкімдіктерде, үкіметтік емес ұйымдарда 27 медиациялық алаң жұмыс жасайды. Мәліметтер қорына сәйкес облыс бойынша Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының 21 қоғамдық медиаторы тіркелген, олар  есептік кезең барысында отбасылық, азаматтық, әлеуметтік-еңбек және тұрмыстық жағдайларға қатысты туындаған 50 даулы мәселенің шешімін тапты. 2020 жылдың 1 тоқсанында медиация мәселелері бойынша 4 іс-шара өткізілді. Іс-шараларға 115 адам қатысты.

Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы медиация кеңесінің мүшелері, қалалық және аудандықң қоғамдық медиаторлар халықпен түсіндірме жұмыс жасайды. 

2020 жылдың басында Қостанай облысының білім беру мекемелері өкілдері қатысқан Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Іс-шара барысында 2019 жылғы жұмыс қорытындыланып, болашаққа жоспар құрылды. Мектептегі медиация қызметін ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Себебі, оқушылардың жасөспірімдер кезеңіндегі мәселелері алдыңғы қатарда. Медиация қызметінің жұмысы мекеменің білім-тәрбие  процесімен тығыз байланысты болмақ,  сонымен қатар, оқушылар үшін қауіпсіз оқу кеңістігінің құрылуына ықпал етіп, дау-дамайлардың алдын алуға, жасөспірімдерге нақты көмек көрсетуге және қолдауға бағытталады. Мектептегі медиация қызметі арқылы оқушылардың және ата-аналардың арасында туындаған кез келген дау-дамайлар сол мезетте шешімін табады. 

Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы Медиация кеңесінің мүшелері жасөспірімдермен белсенді жұмыс жүргізеді. Ақпан айында Медиация кеңесінің мүшесі Р. Ж. Мырзағалиев «Jangyru Joly» РЖҚ белсенділерімен бірге Қостанай қаласындағы № 19 орта мектептің және Қостанай қалалық  балалар шығармашылығы мектебінің оқушылары үшін медиация тақырыбы бойынша 2 тренинг өткізді. Оқушылар теорияны, медиация негіздерін меңгерді, практикалық бөлімде топтарға бөлініп, дау-дамайларды талдап, олардың түрлерін анықтап, реттеу тәсілдерін айқындады. 

12 наурызда Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жанындағы медиация кабинетінде  корей этномәдени бірлестігінің жастар қанатының белсенділері үшін «Медиация институты» тақырыбына арналған іс-шара өтті. Іс-шара барысында медиацияның тарихы, негіздері таныстыралып, сан түрлі даулы жағдайлар қарастырылды. Іс-шара соңында жас өрендер өздерін медиаторлар рөлінде сынап көруі үшін мысал ретінде өмірдің шиеленіскен жағдайлары келтіріліп, шешімін табу ұсынылды. 

Теория мен практиканы ұштастыра отырып, медиация негіздерін меңгерту оқушылар үшін тиімді, себебі оқушылар теорияны ғана емес, сонымен қатар даулы жағдайларды шешуде реттілікті талдайды. Сондай-ақ, командамен бірге жұмыс жасауға, бітімгерлік кездесулерді жүргізу дағдыларына үйренеді, өздерінің коммуникативтік құзыреттілігін жетілдіреді және адамгершілік қасиеттерін арттырады. Оқытудың бұл форматы мектепте медиацияның сапалы жүйесін қалыптастырады.

Мектеп медиациясын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуі керек, кәсіби медиаторларға қажетті жағдай жасалып, көңіл бөлінуі тиіс, жас педагогтар мен жоғары сынып оқушыларын медиация түрлерімен мен әдістерімен  таныстыру қажет.

Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің жанындағы ҚХА кафедрасында жастар арасында медиация институтын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Аталмыш кафедрада бірнеше жылдан бері медиация және халықтық дипломатия мектебі жұмыс жасауда, оның жетекшісі ҚХА кафедрасының меңгерушісі - О. Н. Евдокимова.

Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы медиация кеңесінің мүшелері оқушылармен ғана емес, педагогтармен, ата-аналар қауымымен  жұмыс жасамақ.

Медиация кабинеттерінің және қоғамдық медиаторлардың жұмысы болашақта да қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайтуға бағытталмақ.