Chania
455
09.12.2021
Жаны жомарт, қолы ашық

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірдегі этномәдени бірлестіктердің меценаттарының басын қосып, марапаттаусалтанатын өткізді.

«Жомарт жан» деп аталатын шара Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Достық пен татулықты дәріптейтін Ассамблея сан түрлі этностар өкілдерін біріктіріп, олардың мәдениетін сақтап, бүкілхалықтық бірлік идеяларын насихаттау үшін жағдай жасауда. Алайда, мәдени науқаннан бөлек, қауымдастықтардың көптеген мүшелері жан мен жүректің шақыруы бойынша моральдық және материалдық жағынан қолдауды қажет ететіндерге көмектесуге тырысып келеді.

Ассамблея өмір сүрген жылдар ішінде бұл адамдар мыңдаған игі істер жасап, жүздеген отбасыға қол ұшын созды. «Кең болсаң — кем болмассың» мақалы қазақ халқының дарқандығын паш етеді. Ықылым заманнан «асар» үрдісін жалғастырып келе жатқан қазақ халқының  жомарттығы, қонақжайлығы, мейірімділігі, өзара көмектесу, қолдау, жақыныңа қамқор болу сынды асыл қасиеттері бүгінге дейін үзілген емес.

Дәл солай, этномәдени бірлестіктер 25 жылдан астам уақыт бойы көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп келеді. Бүгінгі салтанатты кеш — қайырымдылық жасаушыларға, меценаттарға, тәлімгерлерге деген құрмет. Шара барысында мұқтажға демеу болғандардың игі істері бейнеролик арқылы көпшілікке ұсынылды. Әрине, мұндай жомарттық олардың жасаған жақсылығының бір парасы ғана.

Айталық, тек 2019 жылдың өзінде этномәдени бірлестіктер 200 мыңнан астам адамды қамти отырып, 219 миллион теңгеден астам сомаға көмек көрсетіпті, бас-аяғы 374 қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырған. Былтырғы қатаң карантин уақытында ұлт-ұлыстар бірлесіп, 294 қайырымдылық іс-шара өткізіп, 26 мыңнан астам адамға қолдау көрсеткен. Игі іске жұмсалған қаражат та аз емес – 250 миллионға жуық.

Биыл пандемияның беті қайтқанмен, қамқорлық жасау үрдісі тоқтамады. — Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы этномәдени бірлестіктердің ұйымшылдығы қысылғанға қол ұшын берген осындай қайырымдылық арқылы көрінеді.

Тек биылдың өзінде өңірімізде екі жарым мыңнан астам шара өтіп, оған 400 миллион теңге қаржы жұмсалған екен. Жабыққанға жамау бола білген ардақты азаматтардың есімі ескерусіз қалмау керек. Сол себепті, 2015 жылдан бері «Жомарт жан» иегерлерін марапаттау үрдісі жалғасып келеді. Әрбіреуіңіздің қаржылай, моральдық тұрғыдан жасаған жақсылықтарыңыз қандай құрметке де лайық! – деді Қостанай облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев құттықтау сөзінде.

Марапатталған меценаттар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан белгілі кәсіп иелері. Олардың алды алыс-жақын шетелдергедейін танылғандар. Салтанатты шара кезінде қазақ ұлтынан бастап, аймағымыздағы диаспора өкілдерінің қатысуымен ән-күй, биден шашу шашылды.  

Ақпарат мына сайттан алынды: http://www.kostanaytany.kz