Chania
470
17.09.2021
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Наталья Рамазанова мемлекеттік тілді еркін меңгерген

Қазақ тілін меңгеру бірінші кезекте Отанға деген құрметті көрсетеді деп біледі

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген жастар бүгінде білікті маманға айналып, мемлекетіміздің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып жүр. Осындай жастардың бірі де бірегейі ұлты орыс болса да, жүрегі қазақ деп соғатын қазақ тілін жетік меңгерген бүгінде «Қоғамдық келісім» КММ басшысы болып қызмет атқарып жүрген Наталья Рамазанова.

Ол 1991 жылы Ұзынкөл ауданы Пресногорьков ауылында дүниеге келген. Осында өсіп, Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектепте 9 сыныпқа дейін білім алған. Ата-анасы Олга мен Сергей үш баланы дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие берген өнегелі жандар. Анасы Ольганың мамандығы медбике, ал әкесі болса, егін саласындағы жеке кәсіпкер. Натальяның ағасы Виктор Тюменьде, ал апасы Татьяна Қорған қаласында ғұмыр кешіп жатыр. Ол бауырларының Ресей еліне кетуіне өздері туып-өскен ауылдың Ресеймен шекаралас болғанынан деп біледі. Олардың тұрған ауылы Пресногорьков пен Ресейдің Қорған қаласының арақашықтығы 100 шықырым ғана екен. Ол бала кезінде жиі Ресей еліне барып тұрған.

– Біздің ауыл Ресеймен шекаралас жатқандықтан әр демалысымызда сол жаққа барып келіп жүретінбіз. Біздің ауылға Қостанайға қарағанда Ресейдің Қорған қаласы жақын. Әрі кетсе бір сағаттық ғана жол. Кезінде шекара ашық болғанда Ресейге емін-еркін барып жүрдік. Сондықтан, менің бауырларым сол елде ғұмыр кешуді ұйғарып, кетіп қалды. Менің де солардың артынан кетуіме болатын еді, бірақ мен Қазақстанда өмір сүргім келді, – дейді Наталья Рамазанова.

Білімге құштар, талапты жас ауылда 9 сыныпты аяқтап, Қостанай шаһарына аттанады. Қостанай гумманитарлық колледжіне оқуға түседі. Бір қызығы Қостанай қаласына келген орыс қызы қазақ тілін үйренуге ден қояды. Сөйтіп, колледждің қазақша бөліміне құжатын тапсырады. Мектепті орысша оқыған, қазақа бір сөз білмейтін орыс қызы қалай болса да қазақ тілін үйренемін деп алдына мақсат қояды. Бүгін де ол осы мақсатына жеткен.

– Мен колледжге түскенде қазақша мүлдем білген жоқпын. Бірақ қазақша үйренсем, еркін сөйлесем, түсінсем деген ниетім болды. Бар ынтаммен қазақша үйрене бастадым. Колледжде менің ұстаздан жолым болды деп толық айта аламын. Мұнда қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі Гүләлем Есқалиевадан тәлім алдым. Ол кісінің қазақ тілін үйретудегі әдісі ерекше және өте мықты деп айта аламын. Қалай екенін білмеймін, колледжге келгеніме арада көп уақыт өтпей, қазақ тілінде сөйлей бастадым. Тілді жақсы түсінетін болдым. Ұстызым маған жеке қазақ тілі сабағын өткізді. Нәтижесі де көзге көріне бастады. Кейін уақыт өте қазақ тілінде еркін сөйлеп, әртүрлі байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге жеттім. Білімімді жетілдіру үшін қазіргі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің қазақ филология мамандығына оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін аталмыш жоғары оқу орнында магистратураны бітірдім. Сонымен қатар Қостанай қаласындағы Челябі университетінің филиалында заң мамандығына оқыдым. Осылайша әрдайым білімімді жетілдіріп отырдым. Оқудан шаршаған емеспін. Өйткені, қазіргі заманда білімдінің аты озатынына толық көзім жетті, – дейді Тәуелсіздік құрдасы Наталья Рамазанова.

Білімін жан-жақты жетілдірген, еңбексүйгіш Наталья өзінің білген-түйгенін кішкентай балғындарға үйрету мақсатынды 2016-2017 жылдар аралығында «Умникум» жылдам оқып, жазуды үйрететін жекеменшік мектепте ұстаз болып қызмет еткен. Кейін 2018 жылы осындай білім беретін мектепті өзім неге ашпаймын деген ой келіп, өзінің жекеменшік «Мегамайнт» деп аталған жылдам оқуды, жазуды арефметиканы үйрететін мектеп ашады. Бұл жекеменшік мектебі үстіміздегі жылға дейін жұмыс істеп, коронавирус пандемиясына орай енгізілген карантин салдарынан жабылған.

Жеке кәсібі жабылса да, білімді де, жалынды жас ел мүддесі жолында еңбек етіп жатыр. Бүгін де өзі басқарып отырған «Қоғамдық келісім» КММ ұжымының жұмысын жандандырып отыр. Алдыға қойған мақсаттары да айқын.

– Кез-келген адам өзінің туып-өскен жерін құрметтеуі керек. Ұлтым басқа екендеп, өзінің ғұмыр кешіп жатқан елін жатсынбауы керек. Сол елдің тіліне де, халқына да, жеріне де, дініне де үлкен құрметпен қараған дұрыс. Өз басым өзім туып-өскен Қазақстан елін қатты сүйемін. Маған оның кәусардай таза ауасы қалай керек болса, тілі де сондай қажет. Қазақ тілін білгеніме мақтанамын. Сондықтан жүрген жерімде тек қазақша сөйлейге тырысамын. Бірінші кезекте бұл өз жерлерінде ғұмыр кешіп жатқан мыңдаған өзге ұлт өкілдерін кең байтақ жеріне сыйдырып отырған қазақ халқының кеңпейілділігіне деген алғысым, дән ризашылығым, – дейді ол.

Қазіргі таңда Наталья қазақ отбасының ақ жаулықты келіні. Жолдасы Серік екеуі бір ауылдың тумасы екен. Ата-енесі Салмұрза мен Гүлнар Белоглинка ауылында ғұмыр кешіп жатыр. Ал Натальяның ата-анасы сол өзі дүниеге келген Пресногорьков ауылында тұрады. Қазақ отбасына келін болып түскен Наталья қазақ тілін ғана біліп қоймай, барлық қазақи салт-дәстүрлерді меңгерген. Ибалы да инабатты келін. Отағасы Серік полиция қызметкері. Екеуі Руслан, Ренат есімді ұлдарына тәлімді тәрбие беріп отыр.

– Қазақы отбасына келін болып түскеніме қуаныштымын. Ата-енем өте жақсы кісілер. Мені құшақжая қарсы алды. Менің қазақша сөйлегеніме дән риза. Балаларымыз дүниеге келгенде ол кісілер бізден қатты қуанды. Оларды тәрбиелеуге ата-әжелік үлестерін де қосып жатыр. Екі баламызда қазақ бала бақшаға барады. Қазақша жақсы сөйлейді. Мен ата-анамды қалай сыйласам, ата-енемді де солай сыйлаймын. Мәселен, демалыс күндері балаларды алып менің ата-анама баратын болсақ, міндетті түрде ата-енемнің үйіне де барамыз. Мен бұл кісілерді менің ата-анам, жолдасымның ата-анасы деп бөліп жармаймын. Екі жаққа да бірдей болу деген осылай болса керек, – дейді инабатты келін Наталья Рамазанова.

Сапалы білім алып, білікті маман атанып жүрген Тәуелсіздік құрдастары еліміздің мақтанышы.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ

Источник: https://top-news.kz/o-amdy-kelisim-kmm-basshysy-natalja-ramazanova-memlekettik-tildi-erkin-me-gergen